2029 жылға дейін Қазақстанда 12 шетелдік университеттің филиалын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки маңғыстаулық тұрғындармен кездесуде айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кеше өңірге жұмыс сапарымен ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки келді. Ол Yessenov University қабырғасында аймақ тұрғындары, мұғалімдер, оқу орнының профессорлары және жас ғалымдардың қатысуымен кездесу өткізді. Кездесуде отандық ғылымды дамыту және жоғары білімді жаңғырту мақсатында атқарған ауқымды жобаларды айтып, жылды қорытындылады. Сонымен қатар ол Маңғыстау облысының тұрғындарына өңірдегі жалғыз жоғары оқу орнына, ел экономикасын дамыту үшін сапалы мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлінетінін тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылдан бастап өңірлік университеттерде ауыл шаруашылығы үшін техникалық мамандар мен кадрлар даярлауға жеке квота бөлінеді. «Мамандығым - болашағым» арқылы озық кадр дайындау жобасы орындалып жатыр. Университетте техникалық бағыттар бойынша білім беру тапсырысы 60%-ға дейін ұлғайтылды, мемлекеттік тапсырыс көлемі 10%-ға ұлғайтылды. Студенттерді әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету үшін бакалавриат студенттеріне стипендия мөлшері 20%-ға, магистранттар мен докторанттарға стипендия мөлшері 15%-ға артты. 8 жетекші шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылды. Өз кезегінде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де жоспарлы түрде шешіліп жатыр, - деді ҚР ғылым және білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки.
Кездесуде өңір тұрғындары шетелдік жоғары оқу орындарының филиалын ашуға қатысты сұрақтарын қойды. Ал Дархан Ахмед-Заки министрлік тарапынан ғылым іздеушілерге қолдауды күшейіп, университетте ғылымының дамуына баса назар аударып отырғанын атап өтті.
«2029 жылға дейін Қазақстанда 12 шетелдік университеттің филиалын ашу жоспарланды. Осы орайда Ақтаудағы Yessenov University базасында Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазақ-неміс тұрақты инженерия институты ашылды. Жаңа институт Маңғыстау өңірінде техникалық өнеркәсіптің әртүрлі саласында жұмыс істейтін мамандарды дайындауға мүмкіндік беріп, сұранысқа ие кадрларды даярлауға, ғылыми зерттеулерге, жаңа технологияларды дамытуға, соның ішінде жасыл сутегі өндірісі саласына үлесін қосады. Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтын құру қарсаңында Берлин техникалық университеті, Вильдау техникалық университеті, Гамбург техникалық университеті, Анхальт қолданбалы ғылымдар университеті және Дармштадт техникалық университеті сияқты Германияның жетекші жоғары оқу орындарымен ашылған институтта 45 студент мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқып жатыр. Білім алушылар 8 бакалавриат, 6 магистратура мамандықтары бойынша қос дипломға және үш дипломға ие болуы жоспарланып отыр. Сонымен қатар жаңа институтта неміс тілін үйренуге көп көңіл бөлінбек. Болашақта осы саладағы Green Hydrogen жобасы үшін қажетті кадр санын көбейту мақсаты тұр, - деді вице-министр Дархан Жұмақанұлы.
Іс-шара соңында Дархан Ахмед-Заки облыс азаматтарын жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді.