Көлік прокуратурасы жоспарлы талдау нәтижелері бойынша Инвестициялар және даму министрінің 30.04.2015 ж. “Теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларын бекіту туралы” бұйрығына наразылық келтірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап.
Аталған қағидаларға сәйкес 15 және одан асқан балалар «ҚТЖ «ҰК» АҚ-ның қызметтерін заңды өкілден нотариалды куәландырылған жазбаша келісім мен сенімхат болған жағдайда ғана дербес пайдалана алатыны анықталған.
Бұл норма Азаматтық кодекске және «Нотариат туралы» Заңға сәйкес «келісімді» куәландыру мен «сенімхат» беру екі өз алдына бөлек нотариаттық іс-әрекет екені ескерілмеген көрінеді.
Енді ережелерді қолдану мониторингі көрсеткендей, жолсеріктер қағидаларға сілтеме жасап, бұндай жолаушылар сапарға жіберілмей немесе оларды қозғалыс барысында алынып тасталынған жағдайлар болған.
Қазіргі уақытта индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі прокуратураның наразылығын толық көлемде қанағаттандырды және «ҚТЖ «ҰК»АҚ бір ғана құжаттың (нотариалды куәландырылған келісім) болуы бойынша осындай қызметтер көрсету туралы нұсқау берді.
Сонымен бірге уәкілетті орган Жолаушыларды т/ж көлігімен тасымалдау жөніндегі Қағидаларға тиісті түзетулер енгізу және жалпы оны жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.