Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бойынша жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Отырысқа Премьер-Министр, қаржы-экономикалық блоктың мемлекеттік органдарының, Ұлттық банктің, Жоғарғы есеп палатасының басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы жаһандық экономикадағы үрдістермен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамымен, сондай-ақ 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының параметрлерімен танысты.
-Мемлекет басшысы теңгерімді макроэкономикалық саясатты жүргізудің, мемлекеттің әлеуметтік салада өзіне алған барлық міндеттемелерін сақтаудың маңыздылығын, жоспарланған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды толық қаржыландыру, экономиканың нақты секторын қолдау және дамыту, жалпымемлекеттік шығыстарды, оның ішінде қорғаныс және құқық қорғау жүйелерінің тиімділігін арттыруға бағытталған шығыстарды арттыру қажеттігін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша үкіметке бюджет процесіне бақылауды күшейту, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардың қаржылық тәртібін жақсарту тапсырылды.