Туған күнді мерекелеу немесе лауазым бойынша жоғарылату кезінде жайылған үстелде алкоголь болса, бұл қазақстандықтар үшін айыппұлға немесе әкімшілік қамауға әкелуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанда алкогольді ішімдіктерді ішу немесе мас күйінде қоғамдық орындарға шығу әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады. Ал, қазақстандықтар жұмыс істейтін ұйымдар мен кәсіпорындардың көпшілігі қоғамдық орындар болып саналады.
ІІМ-нің редакцияның ресми сауалына берген жауабынан сүйенсек, қоғамдық орындарға мыналар жатады:
білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары (мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі жұмыс істейтін), кітапханалары бар мұражайлар, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың үй-жайлары.
ӘҚБтК-нің 440-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға алкогольдік масаң күйде шығу бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бұл - 18 460 теңге.
Бұл іс-әрекеттер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға (2024 ж. – шамамен 36 920 теңге) не бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
«Алайда, осы бап бойынша әкімшілік іс қозғау үшін жеке немесе заңды тұлғаның арызы талап етілмейді», - деп түсіндірді ІІМ.
Демек, полицейлер қоғамдық орында алкогольдік ішімдіктерді ішіп, мас күйінде пайда болған бір факті бойынша хаттама жасай алады.