Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының атқарушы хатшысы Джанлука Эспозитоны қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болып кіру мәселесі, сондай-ақ, Еуропа Кеңесімен ықпалдастығының перспективалары туралы талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына кіруге көрсетіп жатқан қолдауы үшін Еуропа Кеңесіне ризашылығын білдіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда халықаралық ұйыммен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
– Біз аталған ұйымның қызметіне атсалысуға өте мүдделіміз. Бұл біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысымызға, сонымен қатар, ел дамуына кері әсер ететін басқа да мәселелердің шешілуіне тың серпін береді деп сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Джанлука Эспозито Қазақстан мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының ынтымақтастығы екі тарапқа да тиімді болатынын айтты.
– Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болуы жемқорлықпен күрестің принциптері мен тетіктерін жетілдіру ісіне ғана емес, сондай-ақ, бизнес-ахуалды жақсартуға, мемлекеттік қызмет көрсету жұмысын жандандыруға да септігін тигізеді, – деді ұйымның атқарушы хатшысы.