Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы күзде елімізде дизель отынының тапшылығы болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz БОРТ№1-ге сілтеме жасап.
- Бұл жағдай жыл сайын егін жинау кезінде болады. Мәселе біршама күрделірек -отандық мұнай өнімдерін жақын орналасқан мемлекеттерге экспорттаудың бірнеше жылдар бойы ұйымдастырылған, реттелген схемалары бар. АФМ бұл мәселені шешуі керек. Маған нақты кім айналысатыны туралы ақпарат беріңіз. Содан кейін біз түпкілікті шешім қабылдаймыз. Сондай-ақ Үкіметке, бәсекелестікті қорғау агенттігіне транзиттік көлік үшін және шекара периметрі бойынша мұнай өнімдерінің сараланған бағаларын тұжырымдауды тапсырамын. Бұл көрші елдермен арадағы баға диспаритетін төмендетеді және біздегі бағаларға әсер етпейді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы газ саласының дамуына да тоқталды.
- Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатында газ саласы маңызды рөл атқарады. Жаңа өнеркәсіптік объектілерді енгізу және елді газдандыру есебінен ішкі нарықта газды тұтыну жыл сайын артып келеді. Соңғы 10 жылда ішкі нарықта газ тұтыну көлемі екі еседен аса – 9-дан 19 миллиард текше метрге дейін өсті. Елімізде газ тапшылығы келесі жылы-ақ болады деп болжанып отыр. Бұл ретте, газды экспорттық нарықтан ішкі нарыққа қайта бағдарлау – валюталық түсімнің жоғалуына және сауда теңгерімінің нашарлауына әкелетін мәжбүрлі қадам екенін түсіну керек. Сондықтан бұл проблеманы шешу үшін жүйелі шаралар, оның ішінде ресурстық базаны ұлғайту және газды қайта өңдеу бойынша шаралар қажет. Газ өндіру мен өңдеуді ұлғайта отырып қана мемлекет экспорттық пайда алып, ішкі қажеттіліктерді толық көлемде қамтамасыз ете алады. Сондықтан газ өндіретін жаңа жобалар үшін фискалдық преференцияларды пысықтау қажет", - деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкіметтің алдына ұлттық компаниялар арасында функцияларды нақты бөлу міндетін қойды.
- Біз осы жылдың соңына дейін сұйытылған газды бөлшек саудада өткізуге бағалық реттеуді ұзартуға мәжбүр болдық. Алайда, бағаны жасанды түрде ұстап тұру болашақта тапшылыққа ұрындыруы мүмкін. Бұл – нарық заңы. Сондықтан Үкімет баға ауытқуларына жол бермей, сауда-саттықты бастау жөнінде шаралар қабылдауы қажет, - деді Президент.