Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 76 пайызы қазақ тілінде тест тапсырған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қазақпарат-қа сілтеме жасап.
- 5 шілде күні негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. ҰБТ биыл да 43 тестілеу орталығында «1 компьютер-2 камера-1 талапкер» қағидаты бойынша электронды форматта өтті. Биыл да ҰБТ тапсыруға екі рет мүмкіндік берілді. Екі мүмкіндікте де талапкерлер бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдады, - деді Ғылым және жоғары біліім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлжан Жарасова.
Айтуынша, жалпы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін 290 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде 160 мыңы бірінші мүмкіндікті пайдалануға, 130 мыңы екінші мүмкіндікті пайдалануға арналған.
«ҰБТ қорытындысы бойынша 154 мың талапкер екі мүмкіндікті де есептегенде 276 мың рет тест тапсырды. Тесті тапсыру тіліне келсек, түлектердің 76 пайызға жуығы қазақ тілінде, 24 пайызы орыс тілінде, 213 бала ағылшын тілінде білімдерін сынады. Тестілеу 5 пән бойынша жүргізілді. Жалпы сұрақтардың саны – 120. Тестілеу ұзақтығы 4 сағат немесе 240 миунтқа созылды», - деді ведомства өкілі.