ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумның алдын ала қорытындысын жария етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 11 734 642 адамды құрады. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 7 986 293 немесе референдумға қатысушы азаматтар санының 68,06 пайызын құрады. Осылайша референдум өтті деп есептеуге болады», деді ол.
Референдумға қатысуға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірлерінде дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызын құрайды. Ал бұл 6 163 863 адам. Бұл 17 өңірдің әрқайсысында абсолютті көпшілікті құрап отыр. Осылайша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кемінде үштен екісінде қолдау қажеттігі туралы Конституциялық заң талабы сақталды. Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың жалпы саны дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайызы немесе 1 490 475 адамды құраған.