Былтыр жүзеге асқан пилоттық жоба арқылы қазақстандықтар кепіл шарттарды мемлекеттік тіркеуге 11 515 өтініш берген. Оның ішінде «Отбасы банкі» арқылы - 6429, «Қазақстан Халық банкі» АҚ арқылы - 2629, «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ арқылы – 2457 өтініш қабылданған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Өткен жылы шілдеде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы екінші деңгейлі банктермен бірлесіп («Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ, «Отбасы банк» АҚ), Blockchain технологиясымен «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу» қызметін көрсету процесін автоматтандыру және оңтайландыру үшін пилоттық жобаны іске қосқан болатын.
Енді банктер жаңа технологияны қолданып қажетті құжаттарды ХҚО-ға өзі жібереді. Бұл қызмет көрсету мерзімін 3 күннен 1 күнге дейін қысқартады. Құқықтық талдау процесін автоматтандырудың арқасында банктер өтінім берген сәттен бастап, тіркеуге дейін 3 минут уақыт кетеді. Жаңа технология адами фактор әсерін толықтай болдырмауға мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін құқықтық талдау процесін автоматтандыру арқылы 2591 өтініш түсті.
Бұрын азаматтар жылжымайтын мүліктің кепіл шартын тіркеу үшін банктен алған құжаттарды өз қолымен ХҚО-ға апаруға тиіс болатын. Онда кепіл шартты тіркеп, ауыртпалық туралы анықтаманы алып, тіркелген шартпен бірге банкке қайта келетін. Blockchain технологиясының арқасында процесс автоматтандырылды.
Енді клиенттер жылжымайтын мүлігінің тіркелгенін растайтын құжаттарды алу үшін ХҚО-ға бармаса да болады. Мемлекеттік қызметтің нәтижесі egov.kz порталындағы жеке кабинетінде әрдайым қолжетімді.
Азаматтарға арналған үкімет egov.kz порталы арқылы жылжымайтын мүлік бойынша мына қызметтерді онлайн алуға болатынын естеріңізге салады:
- Заңдық талаптардың туындауын тіркеу;
- Заңдық талаптардың тоқтатылуын тіркеу;
- Кепілді, рентаны, пайдалануды тіркеу;
- Шарт талаптарының өзгеруі нәтижесінде ауыртпалықтардың өзгерістерін тіркеу;
- Қайта кепілді тіркеу;
- Құқықтың ауысуына байланысты емес ауыртпалықты тоқтатуды тіркеу;
- Міндеттемелердің орындалмағаны туралы хабарламаны тіркеу;
- Сауда-саттық туралы хабарламаны тіркеу;
- Қарыз шарты бойынша талап ету құқығын басқаға беруді тіркеу.