Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқандар саны он үш адамға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нақтыланған мәліметтер бойынша, Жамбыл облысындағы тағы бір адамның денесі табылды. Оның аты-жөні анықталып жатыр», делінген хабарламада.
Айта кетейік, жарылыс кезінде ТЖМ-ның 50-ге жуық қызметкері түрлі дәрежеде дене жарақатын алған.
Естеріңізге сала кетсек, 26 тамызда сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жойқын жарылыс болды. Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысындағы жарылыстан 13 қаза тапқан.
Қайтыс болғандар арасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері де бар.
1. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Тараз қ. 3-ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушы Арнұр Серікұлы Темірболатов.
2. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Тараз қ. 3 – ӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушы Елдос Қадырбайұлы Сандыбаев.
3. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі, өрт сөндіру басшысының орынбасары Александр Николаевич Микропуло.
4. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Тараз қаласы 1 – МӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушы Тәңіберген Кұдайбергенұлы Төребеков.
5. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ бастығының орынбасары М.К.Айманов.
Ведомствоның хабарлауынша, өлі табылған тағы үш адамның аты-жөні анықталып жатыр. Жоғалған үш адам іздестірілуде.
Еске сала кетсек, бұған дейін қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жарияланған еді.
Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасында өрт салдарынан келісімшарт бойынша екі әскери қызметші – 1981 жылы туған сержант Марат Сайлауұлы Мешінбай және 1981 жылы туған ефрейтор Руслан Жүрсінбайұлы Жанболатов, 1969 жылы туған әскерилендірілген күзет қызметшісі азамат Оразбек Дайырбекұлы Далибаев, Оңтүстік өңірдің әскери прокуроры әділет полковнигі Арман Қапезов қаза тапты.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, барлығы 98 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың 37-сі ауруханаға жатқызылып, қалғандары жарақат пункттерінде тиісті көмек алып, үйлеріне жіберілген.
Тараз қаласының стационарларында ем алып жатқан зардап шегушінің бесеуі реанимацияда, екеуінің жағдайы ауыр.