Кеше Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Е.Қарашөкеевтің төрағалығымен министрлік жанындағы жем-шөппен қамтамасыз ету жөніндегі Республикалық жедел штабтың кезекті отырысы өтті.
Штаб жұмысына оның мүшелері, аймақ басшыларының орынбасарлары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ауыл шаруашылығын министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысты ашқан Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысындағы қайғылы оқиғалардан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.
Бірінші вице-министр Айдарбек Сапаров аймақтардағы жем-шөп өндірісінің қазіргі жағдайы және жедел штабтың алдыңғы отырыстарында берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.
Министрліктің дерегі бойынша бүгінгі күні 20,8 млн.тонна шөп дайындалған, бұл жоспардың 88%. Пішендеме дайындау жоспардың 76%-ын, сүрлем дайындау 8%-ын құрайды.
Ведомство басшысы аймақтардағы жем-шөп дайындау ісінің қазіргі жағдайын қанағаттанарлық деп бағалады. Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Маңғыстау, Қызылорда және Атырау облыстарының штаб өкілдері баяндады.
Министрдің міндетін атқарушы атқарушылық тәртіпті күшейту және жем-шөп дайындау қарқынын жеделдету қажеттігін атап өтті.
Маңғыстау және Қызылорда облыстарына Үкімет резервінен бөлінген қаражатты бөлу жұмысын жандандыру тапсырылды. Ведомство басшысы атап өткендей, Үкімет қаржыны уақытында бөлді, ал әкімдіктердің міндеті шұғыл түрде бұл қаржыны шаруаларға жеткізу.
«Ақша бар, мал азығын дайындау маусымы өтіп барады, жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары бұл қаражатты асыға күтіп отыр», - деді министрдің міндетін атқарушы.
Маңғыстау облысының әкімдігі жоспарланған шөптің 48%-ын дайындады, министрдің м.а. жем-шөп жинау жұмыстарын жылдамдату үшін барлық шараны қабылдауды тапсырды.
«Биыл күйі төмен малмен қысқа кіруге мәжбүрміз. Егер дайындығымыз нашар болса, күрделі жағдайға тап болатынымыз анық. Барлық жауапкершілік сіздерге жүктелетінін ұмытпаңыздар. Біздің қателік жасауға құқығымыз жоқ», - деді жедел штаб төрағасы.
Тағы бір маңызды мәселе – бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнату. Халыққа нақты ақпаратты дер кезінде жетпесе, қоғамда жұмыс жүргізілмей, шаруалар құрғақшылықтан зардап шегіп, қысты жем-шөпсіз күтіп отырғандай пікір қалыптасады.
Осыған байланысты, министрдің міндетін атқарушы осы бағыттағы жұмысты күшейтуді және облыстардағы мал азығын дайындау барысын жариялап отыруды тапсырды.