Қазақстан Ауғанстаннан 42 адамды эвакуациялады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бүгін сағат 17:00-де ҚР Әскери әуе күштерінің С-295 әскери-көлік ұшағы Ауғанстаннан эвакуацияланған 42 жолаушымен Алматыға сәтті қонды. Қазақстанға 25 Қазақстан азаматы, оның ішінде 15 ересек адам және 10 бала, сондай-ақ ҚР Елшілігінің қызметкерлері келді», - делінген министрлік мәліметінде.
Одан басқа, осы бортпен Қырғызстан тарапының өтініші бойынша бұл елдің 14 азаматы эвакуацияланды. Гуманитарлық операция ретінде осы ұшақпен ҚР Елшілігіне көмек сұрап жүгінген 1 Ресей азаматы мен 1 Литва азаматы АИР-дан шығарылды.
«Қазақстан Республикасы әрдайым шетелдегі өз азаматтарының мүдделері мен құқықтарын қорғайды», - деп аталып өткен хабарламада.