Вакцина алғысы келмейтін адамдар бірдей емес және олармен жұмыс істеуде әртүрлі тәсілді қолдану қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңесте айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сiлтеме жасап.
«Вакцина алғысы келмейтін адамдармен жұмыс істеуде әртүрлі тәсілді қолдану қажет. Бұл топ біркелкі емес. Вакцинадан бас тартудың себептері де әртүрлі. Мұндай адамдар арасында шешім қабылдай алмай жүргендер көп», - деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы барлық құралдармен, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы оларды сендіруді, көзін жеткізуді тапсырды.
«Батыстың кейбір дамыған елдері сендіру әдістерінен мәжбүрлеу шараларына ауысуда. Ірі еңбек ұжымдарының қызметімен байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, біз мұндай қадамға бармаймыз. Өйткені «қыңыр» антиваксерлердің шағын тобы кесірінен өз еңбегімен отбасыларының әл-ауқатын қамтамасыз етіп жүрген азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз», - дейді Қ. Тоқаев.