Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылған депутаты Тарас Киікбайұлы Хитуов 58 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бүкіл депутаттық корпус атынан марқұмның отбасына, жақындары мен туған-туыстарына орны толмас ауыр қайғыларына ортақтасып көңіл айтты.
«Тарас Киікбайұлы адал еңбегі мен зор жауапкершілігімен еліміздің заңнамалық базасын жетілдіруге өлшеусіз үлес қосты. Отанының нағыз патриоты ретінде оның жарқын бейнесі халқымыздың және барша жақындарының есінде сақталатыны сөзсіз», - деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Т.Хитуов соңғы жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ омбудсмені болып жұмыс атқарған болатын.
Тарас Хитуов 1964 жылы 4 қаңтарда Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Үйленген, үш баласы бар.
В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «Инженер-механик» мамандығы бойынша бітірген. КСРО кезінде бокс бойынша спорт мастері болды.
Еңбек жолын Маңғыстау облысы Ақтау қаласы пластмасс зауыты аппараттық құрылғыларды жөндейтін слесарь болып бастаған.
2002-2003, 2008-2010 жылдары Маңғыстау облысы Ақтау қаласы әкімінің орынбасары болды.
2003-2004 жылдары Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының әкімі қызметін атқарды.
2016 жылы Nur Otan партиясы атынан Парламент Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты болды.