Бүгін, 16 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технология жөніндегі екінші саммитіне бейнебайланыс арқылы қатысады, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбук парақшасында.
«Ғылым, технология және инновация: жаңа белестерге жол ашу» атты тақырып бойынша өтетін виртуалды саммитке Біріккен Араб Әмірліктері төрағалық етеді.
Жиында ғылым, технология және инновация салаларындағы өзара ықпалдастық мәселелері, сондай-ақ, 2026 жылға дейінгі аталған бағыттардағы ИЫҰ бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланбақ. Жалпы ИЫҰ-ның ғылым және технология жөніндегі саммиті Қазақстанның бастамасымен өтіп келеді. Алғашқы саммит 2017 жылдың қыркүйек айында елордада өткен болатын.
Бүгінгі іс-шара Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де басталады деп жоспарланған.