Белгілі ақын, хореограф Дүйсенбек Нақып қайтыс болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Менің ағам, ақын, хореограф-либретист, сценарист, үлкен жүректі адам Дүйсенбек Нақып бүгін, 26.05.2021 жылы өмірден өтті», деп жазды ақынның жиені Facebook-тегі парақшасында.
Дүйсенбек Нақып 1946 жылы Павлодар облысында дүниеге келген.
1964 жылы Мәскеу академиялық хореографиялық училищесін бітірген. Атақты биші және педагог Александр Руденконың сыныбында оқыған.
1985 жылы Алматыдағы Киров атындағы ҚазМУ-ді бітірген (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ).
Алматы опера және балет (1964-1967 жж.), Фрунзе (1967-1968 жж.), Пермь (1968-1969 жж.), Самарқанд (1970-1972 жж.) және қайта Алматы (1972-1985 жж.) театрларында балет солисі болды.
«Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болып істеген.
2010 жылы Қазақстанда алғашқы балалар «Ер төстік» балалар ертегісі желісімен аттас балетін құрды. 1995 жылы Алматыда оның алғашқы өлең кітабы «Вечер века» жарық көрді. Кейін «Песня моллюска» (2000 ж.), «Близнецы» (2001 жылы, кітап автордың Нью-Йоркте 2001 жылы 11 қыркүйекте болған лаңкестігінен 20 күнгі әсерімен жазылған.), «Круг пепла» романы (2006 жылы, 2009 жылы), «Время Ре» өлеңдер жинақтары шыққан.
Ақын, жазушы, драматург, либретист, көптеген әдеби сыйақылардың иегері, Қазақстан хореографтары кеңесінің төрағасы, киносценарист, балет театрының режиссері, бірнеше мәдени және гуманитарлық бағдарламалардың ұйымдастырушысы, «Приз Улановой» Халықаралық балет фестивалінің Президенті болды.