Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Төлеген Зинешұлы Байғұлов мезгілсіз өмірден өтті. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Т. Байғұлов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиаорталықтың төрағасы және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету және қоғамдық бақылауды күшейту бойынша іргелі жұмыстар атқарды.
Азаматтық ұстанымы жоғары қоғам белсендісі ретінде қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене қатысып, елдің игілігіне қызмет етті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі жобаларды іске қосып, «Адалдық алаңының» жалпыұлттық қозғалысқа айналуына үлес қосты.
Ол пандемия кезіндегі қауіп-қатерге қарамастан, тосқауыл бекеттерге, ауруханалар мен дәрі-дәрмек қоймаларына мониторинг жасап, қиын кезеңде халықпен бірге болды.
Оның жедел желі ретінде пайдаланған жеке нөміріне 4 500-ден аса азамат хабарласып, заң бұзушылықтар туралы хабарлаған. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төлеген Зинешұлының мезгілсіз өмірден өтуіне орай, қайғырып көңіл айтады.
Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын. Оның жарқын бейнесі мәңгі есімізде сақталады.