2021 жылы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 73,3 жасқа ұлғайтылады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
«Отандық денсаулық сақтау жүйесін материалдық-техникалық және кадрлық қамтамасыз етуді күшейту бойынша шаралар қабылдануда. Халыққа ерікті негізде, тегін коронавирусқа қарсы вакцинация жасау қамтамасыз етіледі. Ұлттық санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің реформасы және цифрландыруы жүргізіледі. Өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігі артады», - деді ол.
Оның айтуынша, аудандық ауруханалар мен перзентханаларда медициналық жабдықпен қамтамасыз етілу деңгейі 70 пайызға жеткізіледі. 33 фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт ашу, 2 ғылыми орталық пен 8 көпсалалы аурухана салу жоспарланған.
«Бастапқы медициналық-санитарлық көмектің прогрессивті моделін жасау жалғасады. Жалпы қабылданған шаралар болжамды өмір сүру ұзақтығын 2021 жылы 73,3 жасқа ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысы.