Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен "Мұсылман әйел-қыздарының дәстүрлі киім үлгісі" атты игі шара болып өтті.
Нәзік жандылардың ұлттық нақыштағы сән үлгілерін күнделікті киім ретінде қолданысқа енгізуді көздеген шараға еліміздің барлық өңірлерінен өкілдер қатысты. Шараның ашылуында еліміздің Бас муфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы сөз алып, ізгі құттықтауын жеткізді.
⁃ Биылғы жыл баршамызға оңай тиген жоқ, соған қарамастан діни басқарманың және өңірлердегі өкілдіктердің қызметі тоқтаған емес. Қиын кезеңде әйел-қыздар қарап отырмай, бетперде тігіп, мұқтаждарға азық-түлік таратуда көп еңбек сіңірді. Қазақтың ұлттық киімдерін мұсылман қыз-келіншектердің киім үрдісіне айналдырып, одан әрі жұмыстану қажет. Асыл дінімізді өркендету жолында еткен еңбектеріңіз бен қалтқысыз қызметтеріңізге шексіз ризашылығымды білдіремін, - деді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Отбасының жүрегі, ұлттың ұйытқысы - аналар қауымының қоғамдағы орнын ерекше атап өткен Бас мүфти қатысушыларға Алғыс хат тапсырып, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға Маңғыстау облысының әйел-қыздар секторының мүшелері қатысып, өз үлестерін қосты. Сектор жетекшісі Ақмарал Қазиеваның айтуынша, облыстан арнайы әкелінген 20-дан астам қазақтың ұлттық киім үлгілері көрсетілген. Өңірдің әйел-қыздары өзіндік ерекшелігі бар қазақи нақыштағы камзол-бешпенттерді мақтанышпен киеді. Ендігі мақсат - сәнді де қазақи киімдерді күнделікті қолданысқа енгізу қажет.