Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін Үкіметке бірқатар шара қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Шет елдерде коронавирус инфекцияының тарауы бойынша жағдайдың күрделеніп бара жатқанын ескере отырып, инфекцияның ел ішінде таралуына жол бермеу үшін 5 қазаннан бастап басқа елдермен қосымша әуе қатынастарын жандандыруды тоқтату ұсынылады. Сонымен бірге, бүгінге дейін әуе қатынастары ретке келтірілген елдермен әуе рейстерін арттырмауды, одан бөлек Түркия Республикасына рейстер санын азайтуды ұсынамыз. Екінші санатқа жататын мемлекеттерден келетін адамдарға келесі талаптарды міндеттеу керек: термометрия, анкеталау, коронавирус бойынша тесттен өткені туралы мерзімі көрсетілген анықтама (3 тәулік бұрынғы). Анықтама болмаған жағдайда келген адамдар карантиндік стационарларда екі аптаға дейін оқшауланады», - деді Алексей Цой Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, министр дәл осы талаптарды шекаралық бекеттер арқылы елге кіретін адамдарға қолдануды сұрады.