«Біз қалайтын болашақ. Бізге қажет БҰҰ: мультилатерализмге ұжымдық адалдығымызды нақтылау» (23 қыркүйек 2020 ж.)
Құрметті Төраға!
Құрметті Бас хатшы!
Құрметті делегаттар!
Біз биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-жылдығын аумалы-төкпелі әрі күрделі сын-қатерлерге толы кезеңде атап өтіп отырмыз.
Оның ішінде ең бастысы – COVID-19 пандемиясы. Бұл індет жаһандық экономикаға орасан зор зиянын тигізді және соның ауыртпалығынан әлем халқы зардап шегуде.
Адамзат тарихындағы осындай нәубетке қарсы тұрып, бізді ауыр індеттен қорғау үшін алғы шепте болған дәрігерлерге барша отандастарымның атынан шынайы ризашылығымды білдіремін.
Әлемдегі қазіргі төтенше жағдай денсаулық сақтау жүйесінің бұзылуына, сондай-ақ гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық күйзеліске алып келді. Бұл – біздің беріктігіміз үшін зор сынақ. COVID-19 біздің жіберген қателіктеріміз бен ағаттықтарымызды анық көрсетті.
Дағдарысқа қарсы күрес барысында халықаралық ынтымақтастыққа кері әсер еткен сауда протекционизмі мен саяси ұлтшылдықтың артқанын, сондай-ақ, «жаһандық тоқыраудың» күшейе түскенін байқадық.
Бүгінде бүкіл әлем аумалы-төкпелі оқиғалардың жаңа толқынының алдында тұр. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Өзара сенімнің жетіспеуі, халықаралық бәсекелестіктегі түсініспеушілік, сауда соғыстары мен санкциялар орнықты дамудың келешегіне нұқсан келтіріп, миллиардтаған адамның жарқын әлемге деген үмітін үзді.
Қырғи-қабақ соғыстан кейін қарапайым адамның мүддесін көздейтін шын мәніндегі халықаралық жүйе құратын керемет мүмкіндікті пайдалана алмадық. Мұны мойындауымыз керек. Болашақ ұрпақтың тағдыры бірінші кезекте біздің, яғни мемлекет басшыларының осы жағдайдың туындау себебін қалай түсінуімізге байланысты болып отыр.
«Жаңа әлем» парадигмасын құруға байланысты ортақ адамгершілік парызды атқару мәселесін ойлануымыз қажет. Қазіргі таңда адамзат үшін маңызды тарихи өзгеріс жасайтын кез келді деп санаймын.
БҰҰ-ның құрылуынан жүз жыл бұрын дүниеге келген қазақтың ұлы ақыны, философ Абай Құнанбайұлы табысты жаһандық ынтымақтастыққа қатысты «Адамзатқа не керек: сүймек, сезбек, кейімек, қарекет қылмақ, жүгірмек, ақылмен ойлап сөйлемек» деген өзінің формуласын ұсынған болатын. Ақынның бұл ой-пікірін «өзара үйлесімге қол жеткізу үшін адамзатқа сүйіспеншілік, рақымшылық, батыл әрекеттер және байыптылық керек» деп түсінуге болады.
Бұл ретте қазіргі сын-қатерлерге ұжым болып тойтарыс беруге қатысты бірқатар ой-пікірлерімді ортаға салуға рұқсат етіңіздер.
Құрметті төраға!
Коронавирус індеті жаппай тарала бастағаннан кейін БҰҰ-ның түрлі қорлары мен бағдарламалары дағдарысқа қарсы тұру үшін дереу жұмылдырылды.
Алайда, халықаралық қоғамдастық аталған бағытта бұдан да көп шара қабылдауы керек.
Біріншіден, денсаулық сақтау ісінің қуатты жаһандық жүйесін құру мақсатында дамыған елдер мен БҰҰ агенттіктерінің уақытылы және үйлесімді қолдауы арқылы дамушы елдердің медициналық мекемелеріндегі ұлттық институттарды жаңғыртуға басымдық беру қажет.
Екіншіден, COVID-19 індетіне қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеу керек. Аталған маңызды мәселеде инвестиция және сауда жөніндегі жан-жақты халықаралық келісімге қол жеткізу қажет. Бұл жаһандық деңгейдегі вакцина өндірісіне және оны жеткізу барысында логистикалық тасымалдың тиімділігіне септігін тигізеді.
Үшіншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, сондай-ақ, пандемияның алдын алу және оған қарсы күрес саласында жекелеген мемлекеттердің әлеуетін арттыру мақсатында Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерді қайта қарау қажеттігі туындауы мүмкін.
Төртіншіден, біз БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру идеясын мұқият зерттеуді ұсынамыз. Қазақстан мұндай орталықтың бірін өз аумағында орналастыруға дайын.
Соңғы әрі аса маңызды мәселе: әлемді жаулаған жаһандық пандемияға байланысты биологиялық қаруды бақылау жүйесін әзірлеу және іске қосу мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып отыр.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін арнайы көпжақты орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынады. Бұл органның қызметі Бактериологиялық (биологиялық) және улы қарудың мол қорын дайындауға, өндіруге тыйым салу және оларды жою туралы 1972 жылғы конвенцияға негізделеді.
Құрметті делегаттар!
Жаһандық экономиканы қалпына келтіру үшін келісілген шараларды шұғыл қабылдау қажет.
Мен Бас хатшының әлемдік экономиканың 10%-ын құрайтын ынталандыру жөніндегі шаралар топтамасын жүзеге асыру қажет деген үндеуіне қосыламын. Сонымен қатар, оның пандемияға қарсы күрес баршаға бірдей және мол мүмкіндік жасауға бағытталған Жаңа ғаламдық келісімге негізделуі керек деген пікірін қолдаймын.
Ең кедей елдердің қарыздарын төлеуін тоқтату жөніндегі шаралар әлемдік нарықтағы теріс факторларды азайтуға және түсініксіздікті төмендетуге ықпал етеді деп есептейміз. «Ұлттық денсаулық сақтау ісіне инвестиция салғандардың қарыздарын жеңілдету» формуласына сәйкес Халықаралық қаржы мекемелері өз жұмыстарына инновациялық шешімдерді белсенді енгізуі керек.
Жаһандық дамуды қаржыландыру жөнінде алдағы уақытта өтетін жоғары деңгейдегі кездесуде нақты әрі маңызды шаралар қабылданады деп үміттенемін.
Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер (ТШЖДЕ) сауда-саттыққа және көлік-логистикалық кешенге зор зиянын тигізген COVID-19 індетінен ауыр зардап шекті.
Осы дамушы елдер тобының қазіргі төрағасы ретінде Қазақстан Вена іс-қимылдар бағдарламасын жүзеге асыруды жандандыру үшін БҰҰ-ның Жол картасын қабылдауды ұсынды.
Азаматтарымыз 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың күн тәртібі шеңберінде қол жеткізген нақты нәтижелерден зор үміт күтеді.
Орнықты дамудың мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-қимылдардың онжылдығы аясында атқарылатын бірлескен іс-әрекеттердің бұрынғы қарқынын қайта қалпына келтіру үшін жедел әрі үйлесімді жұмыс жүргізу қажет. Бұл біздің ұрпағымыз үшін алдағы ең маңызды онжылдық болып табылады.
Басты мақсатқа, яғни әлемдегі аштықты толық жоюға қол жеткізуіміз керек.
Осыған байланысты біз 2021 жылы Азық-түлік жүйелері жөнінде саммит өткізудің маңыздылығын атап өтеміз.
Қазақстанның бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы азық-түлік қорларын құру арқылы ауқымды халықаралық гуманитарлық науқанға өз үлесін қосуға дайын.
Біз бірде-бір адамды, әсіресе, дағдарыстың тауқыметін тартқан әйелдерді, жастарды, балаларды, қарттарды, мүгедектерді қолдаусыз және көмексіз қалдырмау жөніндегі міндетімізді нақтылауға тиіспіз.
«Ұрпақтың азып-тозуына алып келетін апатты» болдырмау үшін білім беру жүйесі тарихындағы ең үлкен тоқырауға жол бермеуіміз керек.
Қазіргі замандағы өзекті мәселелерді тиімді шешуге азаматтық қоғам мен жеке сектордың белсенді атсалысуы өте маңызды.
Биыл волонтерлік қозғалыстың бүкіл әлем халқының ынтымақтастығына серпін бергеніне куә болдық.
Еріктілердің айрықша рөлінің белгісі ретінде БҰҰ-ға Даму мақсатында волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынамын. Биыл Қазақстанда волонтерлер жылы деп жарияланды.
Құрметті төраға!
Пандемия салдарынан біз тағы да екі үлкен сын-қатермен бетпе-бет келіп отырмыз.
Біріншісі – ядролық қаруды таратпау және қарусыздану дағдарысы.
Бүгінде Қазақстан өз еркімен ядролық арсеналынан бас тартқан және әлемдегі ең ірі атом сынақ полигонын жапқан мемлекет ретінде барша әлемге үлгі болып отыр. Осылайша бейбітшілік мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайтын ел екенін танытты.
Алайда, ядролық қаруды таратпау режимі толық іске аспағандықтан оның қаупі сейілген жоқ.
Осы орайда, барлық мүше мемлекеттер адамзатты ядролық апаттан құтқаруға бағытталған қажетті әрі кезек күттірмес барлық шараны қабылдау туралы Қазақстанның ядролық держава саналатын елдерге жолдаған үндеуін қолдайды деп үміттенемін.
Сондықтан біз БҰҰ-ның тиісті институттарының, соның ішінде, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының белсенді рөлін жоғары бағалаймыз.
Бұл ретте, ядролық қаруы жоқ әрбір мемлекетке қауіпсіздіктің заңды тұрғыдан міндетті кері кепілдіктері берілуі тиіс деп санаймыз. Біз «ядролық бестіктің» барлық мемлекеттерін Ядролық қарудан таза аймақтар туралы шарттың тиісті хаттамаларын, соның ішінде Семей шартын ратификациялауға шақырамыз.
Климаттың өзгеруі – біздің өркениетімізге қатер төндіріп отырған тағы бір экзистенциалды дағдарыс. Бұл мәселе қауіп төндіріп қана қоймайды, сонымен қатар басқа қатерлер үшін «қозғаушы күш» қызметін де атқарады.
Адамзат баласы бұл жаһандық сын-қатерге төтеп беруге әлі де қауқарсыз. Дегенмен, коронавирус індетінен кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңінде қоршаған ортаны қорғау тақырыбын халықаралық күн тәртібінің басты мәселесі ретінде көтеру мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Біз БҰҰ-ның климатты жақсартудың алты оң қадамы атты жоспары аясында күш біріктіруге міндеттіміз.
Қазақстан үшін экология мәселелері өте өзекті. Арал теңізінің апатты жағдайы мен Семей полигонының қасіреті, мұздықтардың жылдам еруі және шөлейт жерлердің көбеюі біздің еліміз бен Орталық Азия өңіріне ғана емес, барша әлемге қауіп төндіріп отыр.
Қазба отынына аса қатты тәуелді болып отырғанымызға, сондай-ақ климат жөніндегі Париж келісіміндегі мақсаттарға қол жеткізудің ұзаққа созылуына қарамастан, еліміз көміртексіз экономиканы дамытуға қолдау көрсете береді.
Біз экономиканы және кәсіпорындарды жаңғырту есебінен 2030 жылға қарай парниктік газдардың қалдықтарын 15%-ға азайтамыз.
Бұған қоса алдағы бес жыл ішінде елімізде екі миллиардтан астам ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарлап отырмыз.
Мұндай жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін біз БҰҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенімді қайта қалпына келтіруге және көпжақты институттарды біртіндеп күшейтуге тиіспіз.
Бүгінде мемлекеттердің бір-біріне деген сенімі жоғалып барады. Бұл халықаралық қатынастардың дамуына кері әсерін тигізеді.
БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен қағидаттарына бейілділік таныту – біздің ортақ моральдық міндетіміз.
Сенімді нығайту шараларына сұраныстың артып келе жатқанын ескере отырып, Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті осы стратегиялық маңызды аймақтың қауіпсіздігі мен оны дамытудың толыққанды ұйымына айналдыруға ниетті.
Әлемдік қауымдастық төзімділік, өзара түсіністік және мәдени алуантүрлілік идеологиясын табандылықпен ілгерілетуге тиіс деп санаймыз. Бұл – жек көру және төзімсіздікке қарсы тиімді іс-қимылдың кілті.
Біз тағы бір жаһандық қатерге – халықаралық терроризмге қарсы тұру үшін үлкен альянс құру қажеттігіне тағы да назар аударамыз.
Барлық мемлекетті Терроризмнен ада әлемге қол жеткізу тәртібі Кодексіне қосылуға шақырамыз.
Қазақстан – өз елінің әйелдері мен балаларын соғыс алаңына айналған Сирия мен Ирактан алып шыққан алғашқы мемлекеттердің бірі. Мұндай шешім қабылдау оңай болған жоқ, бірақ аса қажет еді.
БҰҰ пандемия салдарын еңсеру, экономиканы қайта қалпына келтіру және жаһандық басқаруды жақсарту жөніндегі халықаралық шараларды үйлестіруге тиіс деген берік ұстанымдамыз.
Осы ретте, БҰҰ-ның әрбір агенттігі әлем алдында тұрған міндеттерге байланысты өзінің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдеуге тиіс.
БҰҰ-ның болашағы үшін бұдан тиімді әрі функционалды үлгі қалыптастырудан басқа жол жоқ деп санаймыз.
Біріккен Ұлттар Ұйымына айтылатын сын негізінен әділетсіз. Бүгінде Ұйымның атқарып отырған қызметі мүше мемлекеттердің оған берген саяси еркіндігімен пара-пар.
Құрметті Жоғары мәртебелі мырзалар!
Аталған үш дағдарыстың әрқайсысы әртүрлі болғанымен, оның барлығы мемлекеттік басқару жүйелеріндегі нақты мәселелердің салдары болып табылады. Халықаралық тиімді шараларды және ұлттық деңгейдегі қуатты күш-жігерді үйлестіру арқылы ғана адамдардың бойындағы үміт отын жағып, шын мәнінде әділетті әрі жаһандық әлемге қол жеткізуге болады.
Қазақстан экономикалық жағынан қуатты, демократиялық тұрғыдан дамыған және әрбір азаматтың қажеттілігін қанағаттандыруға мән беретін «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға ниетті.
Осыған орай біз барша халқымыздың мүддесіне сәйкес дамуға тың серпін беретін саяси және экономикалық тұрғыдан ауқымды реформаларды іске асыра бастадық.
Біз жала жабуды қылмыстық іс аясынан шығарып, саяси партиялар мен бейбіт шеру жөнінде жаңа заңдар қабылдадық.
Өмір сүруге және адамның қадір-қасиетіне деген іргелі құқықты жүзеге асыру мақсатында Өлім жазасынан бас тартуға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасына қосылу жөнінде шешім қабылдадық.
Келесі маңызды басымдық – әйелдер мен жастардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету және балаларды қорғау мәселесі.
Біз Гендерлік теңсіздік индексінің көрсеткішін екі есеге төмендетіп, әйелдер мен жастар үшін партиялардың сайлау тізімдеріне міндетті 30% квотаны енгіздік.
Пандемия кезінде табысынан уақытша айырылған 4,5 миллион азаматымызға айтарлықтай көмек көрсетілді. Бұл мақсатқа 1,1 миллиард доллар қаржы бөлінді. Бір миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар берілді. Мұның бәрі – біздің аймақта бұрын-соңды болмаған шаралар.
Аймақтық ынтымақтастық мәселесін әрдайым басты назарда ұстаймыз. Қазіргі уақытта аймақтағы елдердің түрлі салалардағы өзара іс-қимылды едәуір кеңейтуіне байланысты Орталық Азия қарқынды дамып келеді.
Өркендеген, қуатты және біртұтас Орталық Азия өңірлік және жаһандық тараптардың мүдделеріне сай келеді деп сенемін.
Өңірлік тұрақтылыққа келетін болсақ, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңызы ерекше. Осыған байланысты біз Өңірлік су және энергетикалық консорциум құруды ұсынамыз.
Орталық Азияны дамыту бағытындағы күн тәртібін үйлестіру үшін біз Алматы қаласындағы Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын институтқа айналдыруға ниеттіміз.
Құрметті төраға!
Кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын әрдайым есте сақтаған жөн. Мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, біз барынша үйлесімді, әділетті әрі инклюзивті әлем құра аламыз.
Жаһандық мәселелерді шешуде алғышарттарға мән бере отырып, ғаламның шектеулі ресурстарын мұқият сақтау үшін алдын алу шараларын белсенді түрде ілгерілету маңызды.
Біздің барлық күш-жігеріміз «Барлығы адам үшін» деген моральды ұстанымға бағытталуға тиіс.
Қазақстан барлық ұлтты жарқын әрі бақытты болашаққа бастайтын БҰҰ-ның тұрақты мүшесі болып қала береді.
Назарларыңызға рақмет.