Қашықтан оқыту балалар мен ұстаздардың денсаулығын сақтау мақсатында туындады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.
«Сөз жоқ, балалардың білімі өте маңызды. Дегенмен, олардың денсаулығы басты назарда әрі басты мақсат. Бұл бағыт Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей назарында тұр. Жалпы, Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бүгінде тәуліктік өсім 0,1 пайызды құрап отыр. Бүгін COVID-19 жұқтырудың 86 жағдайы тіркелді. Осы жылдың 5 шілдесінен бастап науқастарды жататын орынмен қамтамасыз ету қажеттілігі 6 есеге, КВИ мәселелері бойынша жедел медициналық көмек шақырулары 5,5 есеге азайды. Науқастардың 99 пайызы сауығып, аман-есен отбасына оралды. Бұл COVID-19-бен күресудің дұрыс жолы таңдалғанын және оның нақты нәтижесін көрсетеді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол әлемдегі COVID-19 жағдайына қатысты деректермен тоқталып, дүниежүзінде қауіп әлі сейілмегендігін айтты.
«Күн сайын 250 мыңнан астам науқас және 5 мыңнан астам өлім-жітім тіркеліп отыр. Италия, Франция, Германия, Австрия, Испания, Түркия, Ұлыбританияда соңғы айда аурудың өсуі байқалады. Сонымен қатар өзімізбен көршілес ТМД елдері арасында да мәселе бар. Ресейде бүгінгі өсім деңгейі 0,5, Өзбекстанда 0,9, Тәжікстанда 0,4 пайызды құрап отыр. Олардың бәрімен біз тығыз қарым-қатынаста отырған мемлекетпіз. Сондықтан мектептердің жұмысын, оқу процесін қашықтан оқыту бағытына ауыстыру туралы шешім балалардың, сонымен қатар ұстаздардың денсаулығын барынша сақтау мақсатынан туындап отыр», - деді Ералы Тоғжанов.