Кеше әлеуметтік желілерде Ақтау теңіз портының жағасынан табылған жаралы итбалық туралы видео жарияланды. Порт қауіпсіздігі мамандары оған теңізге шығуға көмектесті. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының инспекторлары итбалықтағы үлкен ашық жарақат кемелер немесе қайықтардың қозғағышынан болуы мүмкін екенін айтты. Қазір инспекторлар жараланған итбалықты Ақтаудағы итбалықтарды қалпына келтіру арнайы орталығына тапсыру үшін іздестіру жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, Ақтау қаласында итбалықтарды зерттеу мен қалыпқа келтіру орталығы жұмыс істейді. Орталық қызметкерлері жаралы итбалық туралы ақпарат алған бойда оқиға орнына барып, итбалықтарды құтқару мен оларға көмек көрсету жұмыстарымен айналысады.
Аталмыш оқиға барысында адамдар аталмыш орталыққа хабарласқанда итбалықты құтқару әрі қалыпқа келтіру жұмыстарын жасауға мүмкіндік туатын еді. Жаралы итбалық табылған жағдайда тағы да ақпарат беретін боламыз, делінген хабарламада.
Сонымен қатар Экология, геолигия және табиғи ресурстар министрлігі осындай оқиғаны көрген бойда министрліктің жедел желісіне 8 777 678 5252 нөмірі арқылы хабарласуыңызды сұрайды. Бұл жылдам шешім жасап, жануарларды құтқаруға үлкен көмек болатыны сөзсіз.