Төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге ала алмаған азаматтардың бұл әлеуметтік төлемді алуға әлі де мүмкіндігі бар. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов айтты.
«Төтенше жағдайдың тоқтатылуына байланысты 2020 жылдың 11 мамырынан бастап жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды. Сонымен бірге, «42 500 теңге» төлемі тағайындалмаған жекелеген азаматтардың өтініштеріне байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай төлемдерді тағайындаудың іс-қимыл сызбасын әзірледі. Бұдан бұрын бас тарту туралы шешім қабылданған «42 500 теңге» әлеуметтік төлемін тағайындау өтініштерін қайта қарау үшін, аудандық (қалалық) штабқа растайтын құжаттармен бірге тиісті өтініш беру керек», - деді Ақмәди Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, карантин енгізілген өңірлерде ШОБ, ірі кәсіпкерлік, коммерциялық емес заңды тұлғалар жұмысшыларының атынан өтініш бере алады. Бұл ретте өтініш тек әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту (оны тоқтату) туралы шешім қабылданған қызметкерлер үшін беріледі. Әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын адамдар, БЖТ төлеушілер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдар өз аттарынан береді.
«Ұсынылған құжаттарды қарағаннан кейін аудандық (қалалық) штаб «42 500 теңге» әлеуметтік төлемін тағайындауға құқығының бары немесе жоғы туралы қорытынды шығарады. Оң қорытынды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бөлімшесіне беріледі. Ол «Өтініш берушінің электрондық іс макетін» қалыптастырады және деректерді МӘСҚ филиалына береді. МӘСҚ филиалы әлеуметтік төлем тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Аудандық (қалалық) штабтың қорытындысымен немесе МӘСҚ филиалының шешімімен келіспеген жағдайда, өтініш беруші растайтын құжаттарымен аудандық (қалалық) штабтың жұмыс органы арқылы облыстық (қалалық) штабқа жүгінеді. Содан кейін қайта қарау процедурасы қайталанады. Карантин талаптарын ескере отырып, адамдардың жаппай жиналуына жол бермеу мақсатында өтініштер 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін қаралатын болады», – деп түсіндірді вице-министр.
Дереккөз inform.kz