Дәстүрлі «Музей түні» акциясы COVID-19 коронавирус пандемиясына байланысты тұңғыш рет «Біз біргеміз» атауымен онлайн форматта ұйымдастырылмақ. Қазақстандық музейлер Халықаралық музейлер күні мерекесіне орай онлайн-акцияны бүгін өткізбек, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сiлтеме жасап.
Елімізде 2006 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан халықаралық ірі әлеуметтік мәдени-білім беруге бағытталған «Музей түні» жобасын тұңғыш рет Қазақстанның Орталық мемлекеттік музейі ұйымдастырып, 15 жыл ішінде музейге келушілер назарына XVIII - XIX ғғ. тиесілі бірыңғай және көне жәдігерлердің топтамасын ұсынып, 50-ден астам көрме өткізген. Бүгінде аталған жоба еліміздің барлық музейлерінде іске асырылып отыр.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, биылғы іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі «Музей түні - 2020: Ерекше оқиғалар хроникасы (2006-2020)» атты онлайн саяхат жобасын ұсынады. Сонымен қатар, биыл «Музей түні» акциясына алғаш рет қосылған «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі Ұлы Жібек жолына арналған «Ұлы Жібек жолындағы мәдениет және дін» экспозициялық залының таныстырылымын жасайды. «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Заман. Ғалым. Көзқарас» циклы аясында Қазақстанның белгілі ғалым-археологы, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.С. Самашевпен сұхбат жүргізеді. Ұлттық музей «Біз біргеміз» атауымен көрермендерге «Ұлы Дала жауһарлары» атты бейне-интервью, «Ұлттық музей – ұлт айнасы» деректі фильмін, Қазақстанның республикалық музейлерінің қызметі жөнінде бейнеролик, сонымен қатар бірқатар залдар бойынша виртуалдық турлар ұйымдастырады.
Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі келушілерге танымдық, интерактивті және ойын-сауық іс-шаралар ұсынуды көздеп отыр.