Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім берудің мектептегі қалыпты форматын қайтаруды сұраған ата-аналардың петициясына жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Дәстүрлі іштей оқитын мектеп қайтарылсын» деген петицияны оқыдым. Қазақстанда келешектегі оқыту форматына алаңдап отырған ата-аналардың бәріне айтатыным, қашықтан оқыту – әлемдік Covid-19 пандемиясына байланысты бәріміздің қауіпсіздігіміз үшін қолданылған мәжбүрлі шара. Біздің алдымызда нақты міндет тұрды - оқушылар мен білім қызметкерлерінің денсаулығын сақтау, сонымен бірге оқыту процесін үзбеу. ЮНЕСКО мәліметіне сәйкес, бүкіл әлемде 1,5 млрд оқушы қашықтан оқытуға мүмкіндік беретін технологиялармен білім алуда. Біз оқу үрдісін жалғастыру үшін қолдағы бар мүмкіндікті пайдаландық. Кейбір жағдайдың кездескені болмаса жалпы үрдіс ұйымдастырылды деп есептеймін», - деп жазды Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында.
Министрдің айтуынша, әйтсе де қазіргі таңда білім берудің ең тиімді құралы – дәстүрлі түрде мектепте білім алу екені анық.
«Ешкім де дәстүрді іштей білім беру формасын алып тастаған жоқ. Қашықтан оқыту – мәжбүрлі шара болды. Әлбетте алда да мұндай жағдайлармен бетпе-бет келген кезде байқау керек. Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз тиісті жұмыстарды ұйымдастырудамыз. Қашықтан оқытудың технологияларын дамытып, мектептерді ақпараттандыру жұмысын жүргізу керек. Мәселен ауа райының бұзылуына байланысты оқушылардың оқудан қалуға мәжбүр болатын жағдайын алып қарастырайық немесе кейде бала үйінде оқуға мәжбүр болады. Іштей оқыту форматы бүгінгі таңда ең тиімді шешім екенін бәріміз түсініп отырмыз. Келесі оқу жылы мектеп қабырғасынан басталар деген үміттеміз», - дейді ол.