Бүкіл әлем жұртшылығы күрделі ахуалды бастан өткізіп жатыр. Індеттің таралуын болдырмау, халқымызды аман сақтау мақсатында елімізде төтенше жағдай енгізілді. Осыған байланысты және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес 16 наурыздан бастап облыста педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының барлық түрлері тоқтатылып, қашықтықтан білім беруге көшірілді.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты 30 наурыздан бастап біліктілікті арттыру курстарын онлайн форматта оқытуды бастайды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстарға институт тренерлері жан-жақты дайындалып, барлық мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Сондай-ақ, тренерлеріміз облыс педагогтерімен, әсіресе шалғай ауылдарда тұратындармен онлайн арқылы тығыз байланыста жұмыстар жүргізіп, әдістемелік көмектерін беруде. Соңғы кездегі көмектің бағыты мектеп педагогтеріне төртінші тоқсандағы пәндер бойынша бейне-сабақтарды дайындау реті жайлы ұсынымдар беру және ұсынылған үздік жұмыстар арасында Республикалық конкурс ұйымдастыру. Кейін ҚР виртуалдық білім беру кеңістігінде білім берудің үздік бейне-сабақтар қоры құрылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде жүйелі қашықтықтан оқытуды, қайта даярлау курстарын ұйымдастыруға ерекше назар аудару қажеттігін айтып өтті. «Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі нәрсе. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болуымыз керек. Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз деп сенемін!», - деді мемлекет басшысы.
Әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындап, бұл уақытша туындаған қиындықтан бірге шығатынымызға сенемін. Еліміздің амандығын, халқымыздың бүтіндігін тілеймін!
Эльмира ҚАЛИЕВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы
Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ директоры