Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттерге төлемді кейінге шегеруді автоматты түрде қосымша құжаттарды талап етпей жүзеге асырады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі уақытша қаржылық қиындыққа ұшыраған клиенттеріне 2020 жылғы 16 наурыздан кейін өтелуі тиіс төлемді 90 күнге шегеруге мүмкіндік береді. Шегерілген төлемге негізгі қарыз да, несие сыйақысы да кіреді. Бұл клиент жазған өтініштің негізінде жүзеге асырылады. Өтініште кейінге шегерудің не себепті қажет болғанын көрсету керек, бірақ банк қосымша растау құжаттарын талап етпейді. Төлемді кейінге шегеру мүмкіндігі автоматты түрде беріледі. Бұл шара коронавирус таралуының алдын-алу мақсатында елде төтенше жағдайдың енгізілуіне және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин жарияланғанына байланысты орын алған деп қаржы институтының баспасөз қызметі хабарлайды.
«Төлемді шегеру туралы өтініш 2020 жылғы 15 сәуірден бастап интернет-банкинг арқылы қабылданады. Барлық өтініш мақұлданады. Шегеруді 2020 жылғы 16 наурыздан кейін өтелуі тиіс төлемдерге қатысты қолдануға болады. Онлайн-өтініш беру кезінде 2020 жылдың 16 наурызындағы жағдай бойынша уақтылы өтелмеген несие төлемі болмауы керек», - деп ескертті банктің Басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова.
Банк басшысы барлық азаматты төтенше жағдайды ескере отырып, оқшаулану ережелерін сақтауға және банк бөлімшелеріне бармауға шақырды.
Төлемді кейінге шегеру несие мерзімін 3 айға ұзарту арқылы жүреді. Бұл клиенттерге ай сайынғы төлем көлемін қалыпты деңгейде ұстап қалуға көмектеседі.
Банк алдын-ала және аралық заем алушыларды олардың тұрғын үй заемына өту мерзімі шегеру уақытына ұзартылатынына назар аударуын өтінді.
2020 жылғы 16 наурыз бен 16 маусым аралығында уақтылы өтелмеген төлемдер бойынша айыппұл және өсімпұл алынбайды. Осы үш ай ішінде клиент негізгі қарыз бен сыйақыны өзіне ыңғайлы уақыт пен күні толық өтесе, төлемдерді кейінге шегеру туралы өтінішті бермей-ақ, қолайлы несие өтеу кестесін таңдап, айдың кез келген күнінде қарызды өтей алады. Мұны үйден шықпай-ақ онлайн жасауға болады.
2020 жылғы 30 наурыздан бастап карантин аяқталғанша Қазақстан аумағындағы барлық филиалда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттерге қызмет көрсетудің жаңа нұсқасына өтеді. Бөлімшелерде несие өтініштерін қабылдау, посткредит және постдепозит операцияларды өткізу уақытша тоқтатылады. Бұл кезде клиент Банкке келіп, тек екі операцияны қолдана алады: депозитті бөлу/тоқтату арқылы ақшасын алу, сондай-ақ заемның бір бөлігін жабу немесе оны толықтай өтеу. Бұл операцияларды пайдалану үшін банк сайтындағы онлайн-брондау арқылы алдын-ала жазылу керек. Басқа жағдайларда Банк коронавирусты таратпау мақсатында клиенттерге қызмет көрсетуден бас тартуға мәжбүр болады.
Нотариустардың жұмысына тыйым салынбаса, 27 наурыз 18.00-ге дейін берілген және мақұлданған барлық несие өтініші клиентті телефонмен жеке хабарласып шақыру арқылы берілетін болады. Қазір Банк 1000 шамасындағы несие өтінішін қарастырып жатыр, 200 өтініш берілу кезеңінде.
Банк карантин аяқталғанша сатып алу-сату мәмілесін жасаспауға шақырады.
Несие өтеу және депозит толықтыру ыңғайлы болуы үшін қаладағы карантин режимінде ашық тұрған орындарда орналасқан төлем терминалдары істейді. Алайда Банк сауда-ойын орталығы мен базар іздеп қалада жүрмей, төлемді ЖССБ 24 интернет-банкингі арқылы жүргізуге шақырады. Мұнда кез келген банктің төлем картасын қолдануға болады.
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.