ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған республикалық Жедел әрекет ету штабының алғашқы отырысы өтті.
Бюджет шығыстарын қысқарту, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру шаралары туралы Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов, макроэкономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов пен Ұлттық Банк төрағасы Е. Досаев баяндады. Сонымен қатар сыртқы істер министрі М. Тілеуберді, сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов және республикалық Жедел әрекет ету штабының басқа да мүшелері ақпаратпен бөлісті.
Отырысқа қатысушылар әлемдік конъюнктураның өзгеруі жағдайындағы энергетикалық нарықтағы жай-күйді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне баға белгілеуді бақылау шараларын және елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің басқа да өзекті мәселелерін талқылады.
Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарына енгізуге қажетті ұсыныстар және халықты жұмыспен қамтуды қолдау жөніндегі арнайы жоспар қаралды. Сыртқы экономикалық сын-тегеуріндерден және сыртқы нарықтардағы қалыптасқан жағдайдан тәуекелдерді нивелирлеу жөніндегі шаралар талқыланды.
Дереккөз primeminister.kz