Былтыр «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Мұнайлы ауданында 30 медицина қызметкері жұмысқа орналасты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Медицина мамандары халық көптеп шоғырланған Баянды, Атамекен, Басқұдық, Бесшоқы, Маңғыстау ауылдарында қызметін жалғап келеді.
-Аудандағы медицина саласы жалпы тәжірибелік дәрігер, акушер-гинеколог, педиатр дәрігерлермен толықты. Сонымен қатар, 20 орта буынды медбике келді. Барлығына біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Бұдан бөлек, тұрғын үй алу үшін 1500 АЕК көлеміндегі қаржыны 3 дәрігер мен 20 медбике алды,- деді аудандық аурухананың директоры Жанар Досжанова.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген дәрігердің бірі 25 жастағы Гүлдана Қажжанова. Ол Орал қаласының тумасы. 2022 жылы Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы медициналық университетті аяқтап, Маңғыстауға арнайы келген.
Қазіргі таңда Мұнайлы ауданы, Бесшоқы ауылында жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет етеді.
-Өзім арнайы осы өңірді таңдадым. Қазір халқы ең көп Мұнайлы ауданында еңбек етіп жүрмін. Жатақхана берілді. Бесшоқы ауылындағы емханада күніне 50 шақты адамды қабылдаймыз, үйлерге барамыз. Әзірге Маңғыстауда қалатын ойым бар, деді Гүлдана Қажжанова.
Ал, 28 жастағы Тоймұрат Даңғатаров Алматы қаласындағы Қазақ-Ресей медициналық университетін тәмамдаған. Бітірген бойда туған жерге қайта оралған. Қазір Басқұдық ауылында еңбек етеді.