19 қаңтар күні - ҚР Қарулы күштердің тәрбие жөніндегі жүйесінің офицерлері кәсіби мерекелерін атап өтеді. 1993 жылдың дәл осы күні ел Президентінің қаулысымен Қарулы күштерде командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасарлары институты құрылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Осы мереке қарсаңында Ұлттық ұланның Ақтаудағы 6656 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтар жөніндегі орынбасары, капитан Нұрах Мұхит туралы айтпақпыз.
Ол 1994 жылы Түркістан облысы, Төлеби ауданының Диханкөл елді-мекенінде дүниеге келген. 2012 жылы осы ауылдағы мектепті тәмамдайды.
- Мектеп қабырғасында жүргенімде алдыңғы буын түлектердің әскери салаларды көп таңдайтына куә болдым. Олар ауылға келгенде әскери киімдеріне, жүріс-тұрысы, өзін ұстауына қарап қызығатын едім. 8-сыныптан бастап нақты шешім қабылдап, әскери оқу орнын таңдаймын деп шештім. 2013 жылы тест тапсырып, медициналық комиссиядан өтіп, Петропавл қаласындағы ішкі әскери институтқа оқуға түстім. 2017 жылы оқу орнын тәмамдаған кезде лейтенант шенін алдым. Петропавлдағы аталған оқу орнына түсу тегін, қойылатын талаптар – медициналық тексерістің оң нәтижесі және физикалық дайындықтың мықты болуы, ұлттық бірыңғай тестілеуден шекті баллдан жоғары жинау қажет. Ай сайын шәкіртақымызды алып отырдық. Қыс мезгілінде екі аптаға, жазда бір айға демалыс береді. Мұны айтып отырған себебім – жастар әскери мамандықтан қашпай, әлеуетін, тиімді тұстарын сезінсе дегенім, - дейді ол.
Ол институтта «Ұлттық ұланға тактикалық басшылық» деген мамандықты игерген.
- Бізді оқу бітірген соң Батыс өңірлік қолбасшылығына жолдады. Яғни, Орал қаласындағы қолбасшылыққа жіберді. Сол жерде барлығымызға жолдама беріп, мені Ақтау қаласына жіберді. Осы бөлімге келген кезде взвод командирі лауазымына тағайындалдым, сосын рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтар жөніндегі орынбасары болып қызмет атқардым. Тәрбие жөніндегі бөлімнің клуб басшысы болып та жұмыс істедім. Жедел мақсаттағы батальонның жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының командирі болып жүріп, қазіргі жұмысым - батальон командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары лауазымына ауыстым. Отбасым бар - екі ұл, бір қыздың әкесімін, деді ол.
"Қызметім туралы айтар болсам, бөлімдегі жалпы жауынгерлік рух, өзара достық, моральдық тәрбие сынды жұмыстарға жауаптымын. Қуатты әскер болу үшін – жас буын мен алдыңғы буын арасында үндестік болуы, Отанға деген сүйіспеншілік маңызды. 31 жыл құрылған осы институттің берері мол деп санаймын. Тәрбие жұмысы - жеке құрамды оқыту мен тәрбиелеудің анағұрлым пәрменді нысандарының бірі. Онда тәрбиелеу мақсаттары мен міндеттері арнайы дайындалған ақпараттық материалдар негізінде жеке құрамда дүниетанымдық құндылық жүйесін және әскери-патриоттық сананы қалыптастыратын ақпараттық оқыту, тәрбиелеу нысандарымен және әдістерімен шебер үйлескен, ол әскери қызметшілердің психикасына және мінез-құлқына жүйелі педагогикалық тұрғыдан ықпал етеді. Тәрбиеші офицерлер жоғарғы рухани мәдениет пен интелектінің, мінсіз тәрбиенің , заңға бағынушылық пен әділдіктің үлгі – өнегесі болуға тиісті. Қарулы күштердегі барлық әріптестерімді осы мерекемен құттықтаймын, - дейді Нұрах Мұхит.