© Ақтау гарнизоны
Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері тұрақты жұмыстарына оралды. Олар екі ай бойы Атырау облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан болатын, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Теміржол вокзалында оларды гарнизон бастығы, әскери бөлімдердің командирлері, әріптестері, туыстары мен жақындары қарсы алды.
– Жеке өз атымнан және бүкіл әскери ұжымның атынан сіздерге зор алғысымды білдіремін. Табиғи апатпен күресте ешқандай қиындыққа қарамастан, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындадыңыздар, – деді бригада командирі подполковник Азамат Сүлейменов.
Атқарылған жұмыстар жайында артиллериялық дивизионның штаб бастығы майор Марат Оразов егжей-тегжейлі айтып берді.
– Теңіз жаяу әскерлері екі ай бойы Махамбет ауданының Сарайшық, Есбол және Ақтоғай ауылдарын тасқын судан қорғауға қатысты. Олар бөгеттер салып, жергілікті тұрғындарды эвакуациялауға көмектесті. Әскери қызметшілердің күш-жігерінің арқасында көлемі 60 шақырым аумаққа жағалау бекіткіштері тұрғызылы. Бұл ретте күн сайын әскери қызметшілер 15 мың қапқа дейін құм толтырғанын атап өту керек, – деп нақтылады ол.
Іс-шара соңында ерекше көзге түскен әскери қызметшілер грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.