© Талант ҚҰСАЙЫН
Ақтаудың жоғары шағынаудандарының тұрғындары бірнеше күннен бері ауадағы жағымсыз иіске шағымданып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграмм чатында да тұрғындар шағымы көбейген, олар иіс әсіресе кешкі және түнгі уақытта қатты сезілетінін айтады.
«Қалада су жоқ, күн ыстық. Оның үстіне мына иіс қолқаны атады», «Кеш болса, терезе аша алмаймыз. Күйік иісіне де ұқсайды, қоқыс полигонын өртеп жатқан сияқты, ресми жауап күтудеміз», дейді тұрғындар.
Маңғыстау облысы экология департаменті өкілдерінің мәліметінше, Қошқар ата қалдық қоймасының маңындағы ескі қоқыс және өндіріс алаңдары өртенген.
“Өрт сөндірушілер өрт ошағын сөндірді. Жаз айларында аптап ыстық басталады, қоқыс алаңдарының жану жағдайлары да жиі болуы мүмкін. Аталған аумаққа бейнекамералар орнатып, қоқысты кімдер өртеп жатқанын үнемі қадағалап отыру қажет», - дейді департамент өкілдері.