Ақтауда Каспий теңізі жағалауында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мерекелік концертте Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов құттықтау сөз сөйледі.
- Құрметті Ақтау қаласының тұрғындары және қонақтары Ұлттық домбыра күні құтты болсын. Қадір Мырза Әлі атамыздың: «екі ішектің бірін қатты бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра»,-деген сөзі бар. Қазақтың жанын, ұлттық болмыс-бітімін айқындайтын аспап біздің қасиетті, қастерлі домбырамыз емес пе?! Сондықтан да мемлекет деңгейінде домбыраны ұлықтауға осындай арнайы күннің болғаны көңіл қуантады. Домбыра әр қазақтың төрінде ілініп тұруы тиіс, - дейді Әбілқайыр Байпақов.
Сонымен қатар, іс- шара аясында 20 метрлік жарқыраған көрнекті домбыра макеті жасақталып ,«Жасыл ел» еңбек жасағының жастары қаланың көрікті жерлерін аралап жүріп өтті.
- Қасиетті домбыраны ұлықтау мақсатында жылда бірқатар іс-шаралар легін ұйымдастырып келеміз. Биыл Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрі және М. Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның және ҚР мәдениет қайраткері Жоламан Көшкінов, мәдениет саласының үздіктері Асқар, Асанәлі Көшеровтер, Ақмарал Ерінбетова, Сәбит Шектібаев, халықаралық республикалық байқаулардың жүлдегерлері қатысып,өнер көрсетті, - деді Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының директоры Данияр Сағынғалиұлы.
Айта кетсек, Маңғыстау төрінде «Қарақалпақстанда жасалған» атты экономикалық форум өтіп жатыр. Мерекеге орай Қарақалпақстан мемлекетінен келген өнерпаздар да өз өнерін паш етті.
- Қазақ халқы үшін ерек мейманмен тұспа-тұс келіп отырмыз. Домбыраны көрсек қазақ ұлтының азаматы екенін барша дүниежүзі білетіндей. Түркітілдес халықтардың достығы арта берсін. Маңғыстаулықтар бізді жылы лебіздерімен қарсы алды. Өзімізбен бірге 6 өнерпаз болып ән-шашуларымызды ала келдік. Классика, опера секілді музыкалық шығармаларымызды орындадық, - деді Қарақалпақстанның әртісі Мақсет Өтемұратов.