Ақтаулық көпбалалы ана Ақмарал Мұғалова қайтарымсыз грант арқылы өз ісін дөңгелетіп отыр. Бүгінде ол сұлулық салонында әйел және ерлердің шаш әрлеу мастері, әрі администратор болып қызмет атқарады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
34 жастағы шаш әрлеудің шебері 2022 жылы өз ісін дөңгелету үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант ұтып алған. Осы қаражатқа сұлулық салонындағы бір бөлмені жалдап алған. Оған қоса кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарды алып, ісін жалғастарып отыр. 6 баланың анасы болашақта өз сұлулық салонын ашқысы келеді. Баспаналы болуды да мақсат етіп отыр.
- Мен жалпы шашты әрлеумен айналысып жүргеніме 18 жыл болды. Әйел мен ер және балалардың шаш әрлеу мастерімін. 2019-2022 жылдары үлкен қиындыққа ұшырадым. Нақтырақ айтсам, алаяқтарға алданып көлемді қарызға баттым. Не істерімді білмей күйзеліске түстім. Қиындықтан шығатын жол іздедім. Салонда мастер болып, тоқтамай еңбектене бердім. Он жылда жабылатын қарыздан мен бір жарымда жылда құтылдым. Бұл тек талмай еңбек етуімнің арқасы деп білемін. Кейін көпбалалы ана ретінде мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз грантты алу үшін бизнес жобамды ұсындым. Бұл қаражат маған үлкен көмек болды. Ісін бастағысы келетін аналарға айтарым, жетістікке жалғыз талантпен немесе таныспен емес, тек қана еңбекпен жетуге болады. Себебі еңбектенемін деген адамға ештеңе кедергі емес, - деді Ақмарал Мұғалова.
Көпбалалы ана қайырымдылықпен де айналысады. Мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, Ақмарал Мұғалова көпбалалы аналарға шашты әрлеудің қыр сырын үйретіп, бір айлық курс өткізген. Осы курсты үздік бітіргендердің бірі – Айнұр Альпенова. Қазіргі таңда ол сұлулық салонында Ақмарал Мұғалованың көмекшісі болып жұмыс істейді.
- Мен 5 баланың анасымын. Бала күтімінде болғаннан кейін біраз уақыт жұмыс істеген жоқпын. Кейін Ақмарал Базарбайқызының шашты әрлеу бойынша курсынан өттім. Ол бұл курсты көпбалалы аналарға жеңілдікпен өткізді, - деді Айнұр Альпенова.