10 қыркүйек күні ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «Нұр Отан» партиясының және Отбасылық тәрбие институтының қатысуымен Қазақстандағы Отбасы күніне арнап 21-ғасырдағы қазақстандық ата-аналардың «Өз балаңа үлгі бол» атты республикалық ата-аналар конференциясы өтті. Конференцияның басты мақсаты – бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына психологиялық-педагогикалық көмек беру және отбасы мен мектептің бірінші сынып оқушысын мектепке даярлау процесіне деген бірыңғай көзқарасын қалыптастыру.
Бүкіл еліміз бойынша болған конференция Маңғыстау облысында 106 мектепте 15 мыңнан астам ата-аналардың қатысуымен өтіпті. Соның ішінде Түпқараған ауданында да өтті. Біз биыл ғана өміртарихын бастаған Форт-Шевченко мектеп-лицейінде аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаеваның, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Демеген Садықовтың және мектеп-лицей директоры Мұратбек Тәшімбеттің қатысуымен өткен конференцияға қатыстық.
Конференцияны А.Өтесбаева ҚР Білім және ғылым министрінің құттықтау хатын оқып ашты. Одан соң осы конференцияның маңызына тоқталды.
-Ата-аналар конференциясының мақсаты – отбасы мен мектеп ынтымақтастығының берік іргетасын қалау. Осы мақсатқа жету үшін отбасы мен мектеп арасындағы сыйластық пен сенімге негізделген жемісті ынтымақтастық болуы керек, -деді ол.
Бала үшін ең беделді адам – ата-анасы. Тәрбиенің бастау бұлағы да сол. Жергөктен басталатын осы тәрбие бала мектепке келгенде қоғамдық тәрбиеге ұштасады. Тәжірибелі педагогтардың айтуынша, дәл осы кезең – бала үшін психологиялық қиын кезең. Осындайда ата-ананың ролі үлкен. Конференцияда осы жағдай түсіндірілді. Ата-ана мен ұстаздардың, психологтар мен басқа оқушылармен жұмыс істейтін мамандардың арасында келісім және түсіністік болуы керек, -дейді ауданның бас педагогы.
Демеген Садықов баланың үлкен азамат болып қалыптасуында өскен ортаның әсері басым болатынын айта келе ең алдымен қоғамдық құндылықтарға мән берілу керек деген ой айтты. Сайып келгенде ол да алғашқы орта – мектептен басталады. Сондықтан бұл жерде педагогтар мен ата-аналардың өзара түсіністігінің маңызы зор. Ата-аналардың өз уақытында психологиялық бағытта білікті көмек алғандары маңызды. Тәрбиелеу – оңай шаруа емес: қиын жағдайларда кімнен көмек сұрау керек, түсіністік пен қолдауды қайдан табуға болады? Әрине мектепте!
Конференцияда сөз болған мәселелер ата-аналар тарапынан қызу талқыланды. Олар өз ойларын, ұсыныстарын айта келе баланың жаңа ортаға тез бейімделіп, ортаға сіңісіп кетуінде ұстаздардың біліктілігіне сенетінін анық білдірді. Осы орайда мектеп-лицей басшысы Мұратбек Тәшімбет бастауыш сыныптарға тәлім беретіндердің барлығы сыннан өткен, тәжірибелі, білікті, ел-жұртқа жақсы танымал және сыйлы ұстаздар екенін қаперге берді.
-«Өз балаңа үлгі бол» деп аты айтып тұрғандай, алғашқы тәрбие – ата-анадан. Ұстаз да ата-ана. Сондықтан біздер, үлкендер, баланың алдында әр сөзімізді ойлана айтып, әр қадамымызды екшеп басуымыз керек. Бұл – ойлап қарасақ, бала бізге тәрбиеші деген сөз, -деген ой айтты бір қатысушы ата-ана.
Конференцияға қатысушылар бүгінгі басқосудың пайдалы және мазмұнды болды деген оймен тарасты.
Айсағали ҚЫДЫР