М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармония залында танымал жазушы, публицист, қалам қуаты зор журналист әрі өлкетанушы Әбілқайыр Спанның 70 жылдық мерейтойы атап өтілді. Деректі проза қоржынына мол олжа салған, ұлттық ой-сана серпілісіне түрткі болар өнімді әрі толымды шығармашылығымен оқырманға аса танымал Әбілқайыр Спан көне тарих қат- қабат көмескі парақтарын ақтарып, сұрқия заман кәріне ұшырап, қуғын-сүргін құрбанына айналған күллі Алашқа ардақты ақтаңдақ арыстар есімін ел жадында қайта жаңғырту жолында жанкешті ізденіспен тынымсыз қалам тербеген дарынды жазушы. Түлеген түбекке танымал даңқты тұлғалар ғұмырнамасын зерттеп, мұрағаттық деректерді ғылыми негіздеу нәтижесінде 73- ке жуық тарихи-танымдық жинақтарды жарыққа шығарған. «Жалау Мыңбаев», «Тоқабай Құрмаш», «Айназар ата», «Ержан хазірет», «Ермембет би», «Иса Тіленбайұлы», «Отарбай Иманғазыұлы», «Аңшы Нұр» секілді терең мазмұнды, ғылыми дерегі мол әдеби мұралар халқымыздың ұлттық бірегейлігін қалыптастыру мен тарихи тұлғалар тағылымын өскелең ұрпаққа насихаттауда аса зор құндылыққа ие.
«Мен Спан есімді үлкен әкемнің тәрбиесінде болдым. Ол кісі бұрын Хиуа медресесінде оқыған мықты молда еді. Немеренің үлкенімін. Балалық шағымда екі түрлі тәрбие көрдім деуге болады. Алдымен малшы ауылда, екіншіден мұнайшылар отбасында. Мамандығым мұнайшы, жоғары разрядті оператырмын»,- деп баяндайды балалық шағын қаламгер.
Әбілқайыр аға 8-сыныпты бітірген соң Өзендегі ата-анасына қайтып келеді. Бұған себеп 9-10 сыныпты оқытатытын мектептің жақын арада болмауы. Ал интернаттарда бос орын жоқ. Қызылсайдағы орта мектепте мұнай ісі, токарлық секілді қосалқы мамандық игеруге мүмкіндік алады. Мұнай саласын бір кісідей білуі де сол тұстағы оқуының ықпалы деуге саяды. Дарынды жазушы бұл жайында «менің басты шығармашылық тақырыбым екі саланы қамтиды. Біріншісі - ел, жер тарихы, екіншісі – мұнай тарихы» дейді. Қазақтың біртуар азаматы, тау-кен инженері, Қазақ КСРО-ның еңбек сіңірген геолог-барлаушысы Халел Өзбекқалиев «егер Әбілқайыр маған ертерек, жас кезінде жолыққанда мен одан нағыз геолог жасап шығарар» едім деп өкінген көрінеді. Ел игілігінің қайнар көзіне айналған Жетібай, Теңге, Қаражанбас, Оңтүстік Бозащы, Қаламқас кен орындарын барлап, зерттеуде орасан зор еңбек сіңірген майталман мұнайшының бұл сөзі қарымды қаламгер шығармашылығына берілген әділ баға деуге негіз бар.
Әдеби-сазды кеште кіл зиялы қауым өкілдері, сара сөз сардарлары, беделді ел ағалары, қоғам белсенділері бас қосты. Алдымен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев өңір басшысының құттықтау сөзін оқып, мерейтой иесіне сый-сияпат табыстады.
«Құрметті Әбілқайыр Бақытұлы! Мерейлі 70 жас мерекеңіз құтты болсын! Көпшілік сізді бағзы тарихымызды зерттеп, өшкенді жаққан, өлгенді тірілткен тарихшы-қаламгер ретінде таниды. Сонау өткен ғасырдың 60-жылдары Ұйқыдағы арудай өлкеміздің оянуы тұспа-тұс келген шығаомашылық ғұмырыңызда оқырман қауым көз алдында. Баспасөз, телевизия саласындағы журналистік қызметіңіз бен қайта түлеп, жаңғырған Маңғыстаудың жылнамасын жасадыңы.Роман әңгіме, очерк, эссе, жол жазба, новелла, фельетон, өлең, әдебиет пен журналистикада сіз қалам тартпаған жанр мен тақырып жоқ. Бүгін бұның барлығы жас талапкерлер үшін таптырмайтын үлгі оқулық. Десек те ұлт үшін атқарған басты еңбегіңіз Кеңесүкіметінің қатал саясатына қарамастан айтуға болмайтын өлке тарихының ақтаңдақ беттерін ашқныңыз деп білеміз. Осы жансебілдігіңізді ұлтын сүйген ұлдың ерлікке пара-пар әрекеті дер едік.Сіздің осындай батыл қимылдарыңыздың арқасында облыстық басылымда тарихи-мәдени мұраларымызға қатысты көптеген тың деректер жарық көрді. Осының әсерімен аруақтар тебіренді. Елдің әлсіреген рухы атойлады. Бұл бағыттағы ізденістеріңіз тәуелсіздік тұсында ерекше қарқын алды»,-делінген құттықтау хатында.
Кеш бойы ел ағалары жазушы шығармашылығы турасында ой өрбітті, тоқсан тараулы тарих толғамын түйсіну, зердеге тоқу мен туған ел тұтастығына тұтқа болған тарлан тұлғалар тағдырынан тағылым алу маңызы сөз болды. Әрине алдымен аса зерделі, сезімі сергек, қаламы жүрдек жазушының өзі секілді сөзге құрық тастаған пікірлес, қаламдас жолдастары сыр шертісті. Сахна төріне көтерілген Бектұр Төлеуғалиев Әбілқайыр Спанның қазақ жазба әдебиетіне сіңірген өнімді еңбегі мен жанкешті ізденісін, терең тарихи танымы мен жан- жақты білімі жайында ой толғады. Сөз соңында филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтқұловтың құттықтау хатын оқып, мерейтой иесінің омырауына «Ана тілі» төсбелгісін қадады.
Жанбибі апа сөзімен әспеттесек «үздіксіз үміт пен ізденістің, алғаусыз адал еңбектің қарапайым қара нары, білмегенге қара жонның бетегесінен аласа, ал білгенге Қаратаудың Бесшоқысынан биік қағидалы қаламгер, тұғырлы тұлға» Әбілқайыр Спан мен «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнестің тынымсыз әрі табанды еңбегі нәтижесінде киелі түбек төл тумасы, замана заңғары Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында алты алашқа ардақты абыздың ұрпақ ұлық тұтар ұлағатты өмір жолы мен қазақ руханиятының асыл қазынасы – әдеби мұрасына арналып, өрелі оймен өрнектеліп, әдемі сөзбен әдіптелген «Әбіш Кекілбайұлы» атты энцеклопедиялық жинақтың алғашқы томы жарық көрген болатын. Әбілқайыр Бақытұлы қазақ көсемсөзінің дүлділі, қазақ әдебиетіндегі мәңгі өшпес жарық жұлдыз, ел тәуелсіздігінің жанкешті мүддегері Әбіш Кекілбайұлының бұрын баспа бетін көрмеген әр алуан жанрдағы публицистикалық, пәлсапалық ой-толғамдары, тарихи-танымдық баяндамалары, зерттеу-эсселері, естеліктері кіріктірілген сыр-десте тақырыбындағы бес томдық шығармалар жинағының редакциясын басқарып, жарыққа шығарды. Бұл тақырыпқа екі роман «Заңғар», «Ай-ана» және «Әбіш Кекілбаев» энцеклопедиясының бірінші томын арнады. Әрқайсысы мың беттен тұрады. Кеш барысында ізгі адамгершілік тұлғасы, кісілік қалыбы, табиғи дарыны, тума таланты, сара сүрлеуі, сүбелі шығармашылығы бір емес, бірнеше томдық жинаққа арқау боларлық абыз туралы кітаптың есімін ел жадында сақтаудағы маңызы жайлы сөз болды.
«Бұл жинақ қазіргі өлшеммен алғанда осы ғасырдың шығармасы, энцеклопедия соңы. Сондықтан біз бұрыңғы энцеклопедияда жіберілген олқылықтарды қорытып алдық. Энцеклопедияның ауыртпалығын көтерген Ғарифолла Әнес автор. Бұл энцеклопедия Әбіш ағаның көзі тірісінде басталды. Себебі уақыт адамға бағынбайды»,-дейді қаламгер.
Кеш барысында колледж студенттері қадірлі азамат, қарымды қалемгердің кітаптарынан оқырманға ой саларлық үзінділерін мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ мерей той иесіне танымал ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Адай інілік ізетін білдіріп, екпінді жыр жолдарын арнады.
Иесіз түндік түтілді,
Ай қызарып тұтылды,
Ит жастанды құтыңды,
Кереге бойы кер сандық,
Тұлғалы тоқсан тарихын
Тойда тоқ ішекке зар болған,
Құл құтанға жұтылды.
Кез құтанның тұсында
Кере қарыс қармағы,
Еспен жады кеткен соң
Екінің бірі алдады.
Қақсаған қара күй шанақ,
Он екі перне қос ішек
Құлаққа бай естірге,
Самал болып сарнады.
Жүз мыңдарға жүк болар
Бұл Маңғыстаудың арманы,
Қайырға келіп жымдастық
Қайғыдан жыр ымдастық
Тізгіндеулі тіл мен жақ
Үнсіз жүріп сырластық
Әр жусанның түбінде
Қылша мойын қырғын бас
Бетеге жастап, бел буып,
Дөң бауырлап, қыр бастық
Шың басында тарих бар,
Шынжыр салсаң іркілмес
Қанағат жайлап келеміз
Бір күн-Алла,бір күн-Кеш!
Қыналы тарих қызыл тас
Бізге біткен шыдам бар.
Қара мұз боп қан алмас
Жер көңімен сүртілмес,
Жауар күндей мұнартып
Өос жанары шықтанып
Талай жетім шындықты
Шыңыраудан шықты алып,
Алтын өзек тарихқа
Жан жүрегін жамау ғып 73 кітап жазыпты.
Біздің Әбілқайыр Спанов
Өзіңнен тумай ұл болмас
Құттықталық құпталық!
Бұдан бөлек, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Жантөре Мамаева сөз сөйлеп, Әбілқайыр Спан шығармашылығындағы Тәуелсіз Қазақстан іргесін қаласуға, егемен ел еңсесін тіктеп, өсіп-өркендеуіне, өлке экономикасы мен руханиятының өрістеуіне елеулі еңбек сіңірген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары, еңбек ерлері, өнер мен әдеби майталмандар өмір өнегесі әдіптелген кітаптар келешекке қызмет етеріне сенім білдірді.
Сахнаға көтерілген ҚР Жазушылар Одағының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, танымал ақын, публицист Ғалым Әріп Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдаулеттің құттықтау хатын оқып, тарихшы-қаламгер Әбілқайыр Спан шығармашылығының ерекшелігіне тоқталды.
«Әбекеңнің ана тілімізді асыл сөзімізді қастер тұтқан, көкірек жан сарайына сөз ұялаған көмбе азамат. Әбекеңнің артықшылығы бұрынғының сөзін саф алтындай қалпында жеткізуінде. Жазған мақаласы тұнып тұрған Маңғыстаудың байырғы сөздері. Ұзақ жылдар қызметтес болдық. Қай қызметте де өз талантымен мойындатты»,-деді Ғалым Әріп.
Әдеби кеш мерейтой иесінің құрметті қонақтар қауымына алғысын білдіруімен өз мәресіне жетті.
Голрох Жеменей
Суреттерді түсірген Талант Құсаын