АДАМЗАТҚА АРНАУ
(Димаш Құдайбергенге)
Рух – ән салып тұр, тамсанып қыр,
Ғарыштың көмейінен бал тамып тұр.
Оятып, қайта тағы, жадымызды,
Жаратқан кеудемізге жан салып тұр.
Іздеп тұр ізгіліктен жан азығын,
Ешкімнің аттамауға ала жібін.
Рух – ән салып тұр,періштедей,
Сағынып пәктігімен, тазалығын.
Жан салған жеті сазбен тәнімізге,
Білгенге сұлулықтың бәрі бізде.
Жылап тұр өзін іздеп күллі адамзат,
Кім білген ең соңғы бір әнімізбе?..
Күн кештік, соқыр сана түнекпенен,
Кіл соғыс, ашу –араз, бір өкпемен.
Кел, жаным, әлем болып ән тыңдайық,
Бір болған бір кездегі жүрекпенен.
Әсем– ән, қимастықтың ғазалыма,
Тірліктің кімдер келмес базарына.
Рух – ән салып тұр, әлмисақтан,
Алланың қайта түсіп назарына.
Сабыр Адай
Ақтау қаласы
23.12.2019ж.