Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақовтың қатысуымен "Маңғыстау облысының лифт шаруашылығын дамыту" жөніндегі кеңейтілген отырыс өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Отырыс аясында аймақ басшысының орынбасары Бақытжан Қашақов «Қазақстан Лифтшілерінің Ұлттық Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Ержан Игібаевпен бірлесіп өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптардың құрылтай құжаттарында көзделген өз міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында келісім жасалды. Тұрғын үй салу кезінде сапалы қауіпсіз лифтілерді пайдалануды дамытудағы ынтымақтастық - келісімнің басты міндеттерінің бірі. Ынтымақтастық негізінде екі тарап бірлесіп тұрғын үйлердегі лифттерді пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, нормативтік пайдалану мерзімі өткен лифттерді ауыстырады. Отырыс барысында мекемелер мен ұйымдардың сұрақтарына жауап беріліп, бірқатар мәселе талқыланды.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Сурет автордан