11-12 тамыз күні Каспийдің түрікмен жағалауындағы "Аваза" ұлттық туристік аймағында І Каспий экономикалық форум өтті. Оған Қазақстанның он екі компаниясы қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Orient NEWS-ке сілтеме жасап. Көлік, жол құрылысы, сандық және аэроғарыштық технологиялар, фармацевтика саласы, электротехникалық жабдықтар саласында жұмыс істейтін қазақстандық бизнес өкілдері КЭФ-2019 шеңберінде өткен инновациялық көрме мен автомобиль көрмесінде таныстырылды. Форум аясында В2В форматындағы халықаралық кездесулер өткізілді, келісімдер мен ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Ал қазақстандық DolcePharm фармацевтика компаниясы 400 мың АҚШ доллары сомасына бір реттік медициналық бұйымдарды жеткізу туралы шартқа қол қойды. Қазақстан тарапынан Ұлттық стендтің ұйымдастырушылары қатарында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі, "Атамекен" ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы және Қазақстанның сыртқы сауда палатасы бар.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Сурет Orient NEWS-тен алынды