Ақтауда әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығында шағын цех ашылды
[ 2019 ] 12 шілде, 05:46 | Жаңалықтар
Ақтауда «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығында» шағын өндіріс шеберханасы ашылды. Бүгінде бұл орталықты 5 әйел мен 4 бала паналап жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
2019 жылдың наурыз айында «РАЙ» шұғыл әлеуметтік көмек көрсету орталығы «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлік жобасының грантын ұтып алған. Бұл Орталық Азия Қоры мен «Тенгизшевройл» компаниясының бірлескен жобасы. Жоба аясында ашылған дағдарыс орталығында жатын бөлмелер мен балалар ойнайтын бөлме және демалыс бөлмесі бар. Сонымен қоса, ас бөлмесі үшін де жағдай жасалған.
Дағдарыс орталығында жартылай фабрикаттар дайындалатын цех бар. Онда әйелдер балаларынан ажырамай-ақ жұмыс жасауға мүмкіндік алады. Олар кез-келген қалаған уақытында қызмет ете алады. Және ол үшін ай сайын жалақы алады. Айта, кетейік Қазақстан бойынша бұндай дағдарыс орталығы тек қана Ақтауда жұмыс істеп тұр.
- Осы жобаға ұннан жасалған жартылай фабрикаттар өндіретін шағын цехті ашуға өтініш бердік. Бұл цехті ашу бір күннің ішінде пайда болған ой емес, бірнеше жыл бойы жоспарланып келе жатқан дүние. Біз бұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта әлеуметтік сән салонын ашу ойымызда бар. Біздегі әйелдер арнайы мамандардан тәжірибе алып, сонда жұмыс жасайтын болады, - дейді «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығының» жетекшісі Райхан Бекманова.
Бұл дағдарыс орталығында тағдыр тәлкегіне түскен 5 әйел бар. Солардың бірі Альмира (кейіпкердің есімі өзгертілді) күйеуінен жәбір көріп, ата-енесінің үйінен қуылған жас ана. Оның арнайы медициналық білімі бар. Амалдың жоқтығы сол, жасқа толмаған баласымен өз мамандығымен жұмыс жасай алмай отыр. Оны туған-туыстары да жылы қарсы алмаған. Ал балаларының әкесі алимент төлемейді. Кейіпкердің айтуынша, бұрынғы жолдасы маскүнемдікке салынып кеткен. Балаларынсыз ешқайда бармаймын деп шешкен Альмира осы дағдарыс орталығын паналауды жөн көрген.
- Күйеуім ұрып-соқты, аяқ басып жүре алмайтын күйге түстім. Ата-енемнің үйінен қуып шықты. Әке-шешем бүлдіршіндерді балалар үйіне тапсыр дейді, мен балаларымнан ажырағым келмейді. 8 айлық балам және әне-міне мектепке баратын қызыммен екі күн бойы далада жүрдім. Әлеуметтік желілерден осы дағдарыс орталығының бар екенін біліп, осында келген жайым бар. Осындағы тұшпара жасайтын цехте жұмыс жасаймын. Қиналғанда қол ұшын созып көмектесіп жатқан Райхан Бекмановаға алғысым шексіз, - дейді Альмира.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="82911,82912"]
1034
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.