Маңғыстау үшін 2017 жыл бірқатар экономикалық өзгерістерге толы жыл болды. Өңірдің экономикасын әртараптандыру бойынша атқарылған істер аз емес. Бір ғана Құрық портының іске қосылуы ғасыр жаңалығына айналды. Құрық порты – халықаралық көлік бағдарының маңызды түйіні, сондай-ақ Еуразияның логистикалық картасындағы жаңа нүкте. Сонымен биыл Маңғыстауда қандай ірі өзгерістер болды?!
2017 жылы қарашада туристерге жағдай жасап, туризмді дамыту мақсатында «Ата жолы» автожолын жаңарту жұмыстары басталды. Жалпы ұзындығы 97 шақырымды құрайтын жол 2011 жылы пайдалануға берілген.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бірнеше қабаттан тұратын автожолдың соңғы қабаты, яғни асфальттау жұмыстары биыл қолға алынып, оған 5 млрд теңге бөлініп отыр.
Ал 97 шақырым жолдың 51 шақырымын асфальттау 2019 жылы аяқталады деп жоспарланған. «Ата жолы» автожолы – өңірдегі туристік орындарға, яғни Шопан-Ата, Оғланды және Бекет-Ата зиратына апаратын жол.
2017 жылдың басынан бастап Құрық порты коммерциялық қызмет көрсете бастады, қазан айында Құрық порты алғашқы миллионыншы тонна жүкті Әзірбайжанның Баку портына жөнелткен еді.
Қазіргі кезде паром кешенінде автокөлік өткелінің нысандары салынып жатыр. Жүкті көліктен түсіруге мүмкіндік беретін автокөлік пирсіне арналған теңіз айдынында тереңдету жұмыстары іске асырылуда, Батыс және Шығыс қоршау молдарының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа паром өткелі негізгі және құйылмалы жүкті мультимодальді тасымалдауға мүмкіндік береді, бұл транзиттік жүк айналымын едәуір көбейтіп, Каспий арқылы батысқа бағытталған экспорттық әлеуетімізді жоғарылатады. Құрық паром кешенінің екінші кезеңін іске қосудың арқасында Қазақстанның теңіз қақпасы кеңейеді, ал бұл Транскаспийлік халықаралық көлік бағытының әлеуетін айтарлықтай арттырады.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында темірбетон өнімдерін шығаратын зауыт жұмысын бастады. Зауыттың жалпы аумағы 6 гектар жерді алып жатыр. Зауыт 17 түрлі өнім өндіреді. Жобаның қуаты тәулігіне 1200 текше метр темірбетон өнімдерін шығаратын болады. Негізгі шикізат облыста бар, олар: қиыршықтас, құм, цемент және арматуралар. Алғашқы кезеңдерде Маңғыстау облысын қамтыса, алдағы уақытта көршілес облыстармен де тығыз жұмыс жасайды. Жылдық тауар айналымды 7 млрд.теңгеге жоспарланған. Компанияның бәсекелестерінен артықшылығы – темірбетон жасау үшін жаңа технологияны қолдануында. Бұл темірбетон құнын айтарлықтай төмендетеді. Зауыт жергілікті 200 адамды жұмыспен қамтитын болады.
Ақтаудағы логистика орталығының қызметі азық-түлік өнімдері бағасын арзандатуға бағытталған. Орталық Маңғыстау облысымен қатар, республикамыздың басқа да өңірлеріндегі азық-түлік бағасын төмендетіп,қауіпсіз сақтауға өз үлесін қосуда. «Азерсун» логистика және өндіріс орталығының аумағы – 10 000 шаршы метр. Әзірбайжандық кәсіпкерлер салған ірі қойма екі бөліктен тұрады. Бірі құрғақ өнім сақтауға, екіншісі көкөніс, жеміс-жидек және ет өнімдерін салқындатып әрі мұздатып сақтауға арналған. Мұнда азық-түлік өнімдері импортталып, экспорттау жоспары да алға қойылған. Қойма 10 000 шаршы метрді құрайды, ол бірнеше бөлікке бөлінеді. бірінші жеміс сақтауға арналған 16 ұяшықтардан тұрады, орташа температурасы 0 -12 С болып табылады. Басқа 5 ірі камералар төмен температура -30 градусқа дейін жетеді, олар мұздатылған тамақ өнімдерін сақтауға арналған. Құрғақ қойма, түрлі тауарлар және құрғақ өнімдерін сақтауға арналған екі бөліктен тұрады. Осы тұрғыда логистикалық орталықтың экономикалық тиімді тұстары көп.