Мереке қарсаңында Жаңаөзен қалалық оқушылар шығармашылық үйінде ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Мемлекетіміздің 2050 стратегиялық бағдарламасында көрсетілгендей «Ел қауіпсіздігі-біздің бірінші басымдығымыз болып тұрған шақта бқл тақырыпқа көңіл аудара беретін боламыз» деп атап өтілгені белгілі. Мерекенің алғашқы құттықтау сөзін алған қала әкімі Елубай Әбілов: - 7 мамыр – Отан Қорғаушылар күнімен және Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің 25 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн Тәуелсіз еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін айқындайтын мереке. Егемен еліміздің тәуелсіздігі мен тыныштығын қорғау қашан да кұрмет пен ілтипатқа лайық. Бар ғұмырын Отан қорғауға арнап, қызметін мінсіз атқарып келе жатқан әскери қызметкерлерге алғысымызды білдіреміз,- дей келе кезекті марапттауға рәсіміне берді. Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 25 жылдығына орай Қорғаныс саласында белсенді қызметі мен жауынгерлік міндетін абыроймен атқарғаны үшін №5548 әскери бөлімінің қатардағы жауынгерлері Бақтияр Түлендинов, Медіғат Мақып, Орал Қаратай, № 6 орта мектебінің Әскери дайындық пәнінің мұғалімі Бекәділ Қылышев, №2018 әскери бөлімінің қызметкерлері Ботагөз Шаяхметова, Асқар Әлмағанбетов, Жаңаөзен қаласы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің запастағы офицерлердің топ бастығы Дариға Хайрманова, 51809 әскери бөлімінде аға дизелші Арыстан Байдолла, тәжік-ауған шекарасында бітімгершілік қақтығыстарға қатысқан ардагер Жомарт Сұлтанқұлов пен ауған соғысының ардагері Шатай Ерғалиев марапатталды. Әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын қорғауға аттанғалы жатқан жаңаөзендік жастарға да сәт сапар жолданды. «Еліміздің қай түкпірінде, қай әскери бөлімінде жүрсеңдер де борыштарыңды абыроймен атқарып келулеріреңі тілектеспін» деп қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Қуандық Бекмағанбетов батасын берді. Салтанатты жиын соңы қаламызға белгілі өнер жұлдыздарының орындауындағы патриоттық әндерге ұласты.
Әсел ҚОЙШЫБАЕВА