2022 жыл тарих қойнауында қалды. Қоян жылы еліміз үшін табысты болсын деген тілекпен mangystaumedia.kz сайты былтыр Маңғыстау облысында болған төтенше жағдайларға шолу жасап көрді.
Қаңтар оқиғасы
Қаңтар оқиғалары кезінде ТЖ тәртібі бүкіл ел бойынша 5-19 қаңтар аралығында жарияланды, бірақ митингілер салыстырмалы түрде тыныш өткен Қазақстанның кейбір аймақтарында 13 қаңтардан бастап алынып тасталды. Маңғыстауда осы кезеңде басқа аймақтардағыдай қаза тапқандар, жараланғандар, сондай-ақ өртеу мен қиратулар болған жоқ.
Өрт жағдайлары
Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті өңірде ірі көлемде төтенше жағдай болмағанын атады. Мәселен, былтыр 2021 жылы өңірде тіркелген ірі жарылыстар секілді жағдайлар алдын алу жұмыстарының кешенді жоспарының нәтижесінде тіркелмеген.
Дегенмен 2022 жылы ірі өрт "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС (ЖЭО-3) аумағында болды. 31 мамырдан 1 маусымға қараған түнде сағат 21:42-де Ақтаудан жеті шақырым жерде "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" аумағында трансформаторындан өрт шықты. Дер кезінде тілсіз жауды ауыздықтаудың арқасында ешкім зардап шекпеді. Аталған төтенше жағдай өңірді энергоресурстармен-сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуге кері әсер еткен жоқ.
Өңірдегі ірі өрттің бірі Бейнеу ауданында болды. Бейнеу тұрғыны ауылдағы лото клубтың ішіне жанармай шашып, өртеп жіберді. Аз ғана уақыт ішінде отқа оранған нысан іске жарамсыз болып қалды. Оқыс жағдайға кінәлі тұрғын ойын клубын өртемес бұрын іштегі адамдарды шығарған. "Мен террорист емеспін, адамдарды өлтірмеймін" деп алдын ала бейнеүндеу жолдады. Кейін кінәлі адам қамауға алынып, аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Алайда тараптардың түсінісуіне байланысты өртеген адам бостандыққа шығарылды.
Маусым айында Жаңаөзен қаласында «Кезби» ЖШС 1977 жылы туған жұмысшы оқыстан шыққан өрт кезінде жанып кетті. Ол Өзен ке орнындағы №2 МГӨБ аумағында ұңғыманың қасында жұмыс істеп жатқан. Бейнеу ауданынан вахталық жұмыспен қатынаған ол 2014 жылдан бері аталған компанияда еңбек еткен еді.
Өңірдегі ірі өрттің бірі қараша айында тіркелді. Ақтау қаласындағы 23-ші шағынауданда базар отқа оранып, 6 дүкен түгел жанып кеткен болатын. 11 қараша күні кешкілік «РУСАЗ» базарындағы өрттен «Балалар әлемі» дүкені, «1000 ұсақ-түйек» кеңсе тауарлары дүкені, сондай-ақ азық-түлік және дәмдеуіштер сататын бутиктер өртенгені анықталды. Тілсіз жау ауыздықталып, зардап шеккендер тіркелмеді.
Өңірдің төтенше жағдайлар қызметі Маңғыстауда бұдан өзге өрттер болғанымен, олардың көлемі шағын әрі дер кезінде өрт сөндірушілердің қатысумен сөндірілгенін айтады.
Шомылу маусымындағы өлім деректері
Ал жазғы шомылу маусымында қайтыс болғандардың саны бес адамға жетті. 2022 жылы суға кетудің қайғылы оқиғасы мамыр айының ортасында тіркелді. Ақтау қаласының 4-мөлтекауданында шомылуға рұқсат етілмеген жерде төрт адам шомылған. Оның біреуін сол маңдағы адамдар бірден құтқарып қалған. Ал қалған үш адамды құтқару мүмкін болмады. Қатты желдің салдарынан олардың құтқаруға кедергі туындап, біраз уақыт бойы мәйіттерді су астынан іздеуге тура келді. Құтқарылған 1996 жылы туған бейнеулік тұрғын ауруханаға жеткізілді. Ал Ақтау тұрғыны және Қарағандыдан қонаққа келген екі азамат суға кетіп қайтыс болды.
Маусым айының басында Самал-2 шағынауданындағы теңіз жағалауында 18 жастағы студенттің суға кетуі қала тұрғындарын дүр сілкіндірді. Әлеуметтік желіге бейнежазба жүктеу мақсатында жас жігіт суға секірген, оны бейнежазға досы түсіріп алған. Алайда суға секірген 2004 жылы туған бейнеулік жігіт сол күйі судан шықпады. Марқұм Маңғыстау өнер колледжінің 1-курсында оқып жүрген еді. Оның денесін іздеу жұмыстары бірнеше сағатқа созылды.
Айта кетерлігі, 2022 жылы Маңғыстау облысында судан құтқарылған адам саны да көбейгені байқалып отыр. Мобильдік бекеттер санының 11-ге дейін өсуінің нәтижесінде 48 адамның, оның ішінде 14 кәмелетке толмағандар ажалдан аман қалды. Жаз маусымында департамент 7550 қызметкерді тарта отырып, 824 патрульдеу және рейд жүргізген.
Арнайы рейдтер барысында ішкі істер органдары әкімшілік айыппұл сала отырып, 74 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Мұның барлығы адамдардың сақтық шараларын қатаң сақтауына сабақ болатыны анық. Былтыр шомылуға тыйым салынған аймақтар 6-дан 10-ға дейін көбейген. Оның ішінде Ақтауда- 2, Қарақия - 3, Мұнайлы - 1, Түпқараған аудандарында - 4 орын пайда болған.