Бұл жайында Маңғыстау облыстық сотында өткен баспасөз мәжілісінде айтылды. Өткен жылы өңірде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 182 іс сотта қаралған. Оның ішінде бас бостандығынан айыруға - 71 адам, түзеу жұмыстарына- 1 адам, айыппұл жазасына-60 адам, қоғамдық жұмысқа-45 адам тартылған. Сондай-ақ, 2 адам бас бостандығынан шектелсе, 2 адам шартты жазаға тартылған. Ал, 8 адам қылмыстарын қайталап жасаған. Олардың арасында кәмелет жасқа толмаған 12 жасөспірім бар.
Сыбайлас жемқорлықпен қоғам болып күрессе де, аймақта аталған дертті ауыздықтау оңай болмай отыр. 2016 жылдың 12 айында аудандық және оған теңестірілген соттарда 43 тұлғаға қатысты 26 іс аяқталған. Сыйбайлас жемқорлық білім саласында, құқық қорғау органдарында көп тіркелген. Кейбір тұлғаларға айыппұл салынып, мемлекет қазынасына 139 млн.теңге қайтарылған. Ал, 2015 жылы 39 тұлғаға қатысты 30 іс қаралған болатын.
- Маңғыстау облыстық соттарында өткен жылы барлығы 2012 тұлғаға қатысты 1738 қылмыстық іс қаралды. Соның ішінде 1472 тұлғаға қатысты 1245 қылмыстық іс үкім шығарумен аяқталды, 418 адам жөніндегі 377 іс өндірістен қысқартылды. Заңмен тыйым салынған әрекеттерді есі дұрыс емес халде жасаған 4 адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылды. Сот талқылауын жан-жақты жүргізіп, дұрыс сараптама жасау нәтижесінде 21 тұлғаға қатысты ақтау үкімі шығарылды. Ал, қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасында барлығы 316 адамға қатысты 243 іс қаралды, - дейді Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев.
Маңғыстау облысында шетелдік 12 инвестор компания тіркелген. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында осы компаниялардың қатысуымен 5 миллион теңгеге дейінгі 12 азаматтық іс қаралған.
- Істерді бейбіт келісім, оның ішінде медиация жолымен шешу Маңғыстау облысының соттарында төмен дәрежеде болып отыр. Бұл тұрғыда облыстық сот тарапынан тиісті дәрежеде жұмыстар жасалуда. Соттар көптеген кездесулер, дөңгелек үстелдер, семинарлар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт–насихат жұмыстар жүргізіп келеді. Өткен жылы медиаторлардың қатысуымен облыс соттарында 924 іс, оның ішінде судья медиаторлардың қатысуымен 493 азаматтық іс қаралды. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 20-қадамында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев барлық сот процестерін дыбыс-бейнетаспа құралдарына жазу міндетін жүктеген болатын. Облыс бойынша 41 сот мәжіліс залдары дыбыс-бейне жазба құрылғысымен 100 пайыз қамтылды, - дейді азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ғабит Бастаубаев.
2016 жыл қорытындысына сәйкес республика соттары арасында Маңғыстау облыстық сотының соттар әкімшісі жұмыс сапасын бағалау нәтижесі бойынша 7 орыннан көрінген.
Венера МИРЛАН