Кеше аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Болашағымыз - бірлікте!» атты салтанатты жиын болып өтті. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап шолу жасалған бейнеролик көрсетілген жиын «Тәуелсіздік – бұл біздің басты байлығымыз, баға жетпес жетістігіміз. Жас елдің тарихындағы жаңа дәуір шынтуайтында өзінің бастауын Тәуелсіздіктен алады. Сондықтан Тәуелсіздік мерейтойы ерекше мәнге ие. Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толып отыр. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде елімізді дүниежүзі танып, Елбасының ерен еңбегінің, сындарлы саясатының арқасында саяси-экономикалық, әлеуметтік табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік алдық. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы кемелді тәуелсіз мемлекетке айналды. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы» деп бастаған жүргізушілер сөзімен жалғанды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған аудандық салтанатты шараға Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігінің геология және жер қойнауларын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Надырбаев Ақбатыр Алуадинұлы арнайы қатысты.
Аудан тұрғындарын құттықтап, азаматтарды марапаттау үшін сахна төріне шақырылған аудан әкімі Асауов Темірбек Тыйылұлы баяндама жасап, елге еңбегі сіңген түпқарағандықтарды Түпқараған ауданы әкімінің Алғысымен марапаттаса, жиынға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігінің геология және жер қойнауларын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Надырбаев Ақбатыр Алуадинұлы «Тәуелсіздікке 25 жыл» төс белгісімен бір топ қарапайым жұмысшыдан бастап, мұғалім, жүргізуші, мұнайшы сынды еңбек азаматтарын марапттады. Сондай-ақ, ол өзінің туған жерінде өтіп жатқан мерейлі мерекеге қатысып отырғанын зор қуаныш санайтынын айтып, ел Тәуелсіздігі жылдарында жеткен жетістіктерді сөз етті.
— Біздің елімізден, әсіресе қазақтан үш қазағымыз ғарышқа ұшты. Ол ешбір елдің тарихында болмаған. Шетелдіктер бізге қызыға да қызғана қарайды. Біз тек жер байлығымыз емес, Маңғыстаудың өзінің киелілігімен мақтанамыз. Ондай жер әлемде жоқ деп айтып жүремін. 25 жылдың ішінде өндірісіміз мың есе артты, шетелден келген инвестиция 40 пайызға өскен. Туу көрсеткіші артты. Жаңа әкімнің баяндамасында да Түпқараған ауданы бойынша туу көрсеткіші 28 пайыз 30 пайызға жақындады депайтылып өткен болатын. Еліміз бойынша 60 пайыздан асыпты. Біз енді 28 пайыз емес 80 пайызға жеткізуіміз керек. Мұндай жетістіктің бәрі тек Тәуелсіз, батыр қазақ халқының ғана қолынан келеді! – деді ол.
Құттықтау сөз алып, Тәуелсіздік жылдарындағы Түпқараған туралы сөз еткен мәслихат хатшысы Айкүміс Сәрсенғалиқызы да еңбектері елеулі бір топ азаматтарға марапат ұсына отыра, бастан кешкен қиын кезеңдерге оралды.
— 30 мың халықы бар қаламызға арнап жасалған бас жоспарды бекітерде, бізге сын көп болды. Ол қаланы кім салады деген де сындар айтылған болатын. Сол тұста 30 мың халқы бар қаланы өзіміз саламыз деген ем. Бүгін де халық саны көбейіп, 25 мыңның үстінде аудан халқы өсіп келеді. Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, халықты құрайтын адам санының артуы біздің ел Тәуелсіздігінде жеткен ең басты жетістігіміз! – деді ол.
Салтанатты жиынды өздерінің жүрек жарды ақ тілектерімен жандыра түскен «Балбөбек» балабақшасы бүлдіршіндерінің ізгі ниетті ақ тілектері көпшілкті сүйсінтті.
Жиын соңында Ізғали Сақтағаның дирижерлігімен ұлт – аспаптар оркестрінің орындауыныда шығармалар ұсынылып, республикалық байқаулардың лауреаты Дидар Пердебекова, республикалық байқаулардың жүлдегері Мұрат Машырықов сынды жастардың орындауындағы күйлер тыңдалды.
Әнші Анар Рахимбекова орындауында Кенен Әзірбаевтың «Жас екпін», «Дүлділім» әндері орындалып, «Қызғалдақтар» Үлгілі би ансамблінің «Татар» биі көрерменге ұсынылды. Ауданымыздың танымал жас әншісі Ләззат Сұлтанова, Марат Сәулебай сынды әншілердің қатысуымен салтанатты жиынның концерттік бағдарламасы қорытындыланды.
Милана ЕЛЕУСІНОВА