Маңғыстау облыстық кардиохирургиялық орталықта астаналық дәрігерлердің қатысуымен ашық жүрекке ота жасалды. Жүректің қан тамырларының тарылуына байланысты екі науқасқа жасалған ота бес сағатқа созылды.
Дәрігерлер отадан кейінгі науқастардың жағдайы қалыпты екенін айтады. Аталмыш отаны Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың дәрігерлері Ермағамбет Қуатбаев пен Салтанат Жетібаеваның қатысуымен жергілікті дәрігерлер, Маңғыстау облыстық кардиохирургиялық орталығының басшысы Жеңіс Қозыбаев, бөлім меңгерушісі Альберт Абулхасов, кардиохирургтар Ернұр Ордабаев, Нұрлан Тілепов, Асылбек Анетов, Бауыржан Оспанов, кардиореаниматолог-анестезиолог Мәулен Жұмаділов, анестезиолог-реаниматолог, перфузиолог Жанайдар Абеуов жасады.
-Маңғыстау кардиохирургиялық орталығы-еліміздегі көшбасшы орталықтардың қатарына жатады. Мұнда білікті әрі жас мамандардың тобы шоғырланған, өз ісінің «мықты мамандары» бар екенін мақтаныш сезіммен айтуға әбден болады. Еліміздің өзге өңірлерімен салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұл орталықта жаңа туған балаларға күрделі оталарды жасау да жақсы жолға қойылған. Сондықтан да білікті мамандардың шоғы қалыптасқан команданы жергілікті биліктің атсалысуымен әрдайым қолдап отырған жөн. Білімдерін толықтыру, кәсіби шеберлігін арттыру бағытында жұмыстарды жүйелеп, орталықты жарақтандыру бағытындағы игі істер жалғасын тауып, дәрігерлердің шеберлік сабақтар өткізуіне жағдай жасалып отырса, бұдан да жоғары деңгейдегі нәтижиеге қол жеткізген болар еді,-деген Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық директорының орынбасары Ермағамбет Қуатбаев орталықта 2000-ға жуық науқасқа ашық жүрекке ота жасалғанын айтты. 100-ден астам ота клапанды ауыстыру бойынша жасалса, 37 науқасқа донорлық жүрек трансплантациясы және 208 науқасқа жасанды жүрек қойылған. Сондай-ақ орталық ТМД елдерінде алғаш рет екі науқасқа ашық өкпе трансплантациясын жасаған.
Ал, жыл басынан бері Маңғыстау облыстық кардиохирургиялық орталықта ашық жүрекке 140 ота жасалған. Оның ішінде 60%-қолқа қан тамырын шунттау, 20%-жүре пайда болған жүрек ақаулары, 20%-туабітті жүрек ақауы бар науқастарға жасалған.
-Бүгін екі науқастың жүрегіне ашық ота жасаймыз. Екеуі де 50-ден асқан ер азаматтар. Екеуіне де жүректің қан тамырларының тарылуына байланысты жасалатын отада науқастардың тарылған қан тамырын ауыстыру үшін қабырғаның арасынан қан тамырын алып, жүрекке жалғаймыз. Ол ишемиялық жүректің ауруына жатады, жүректің бұлшық етіне қан бармағандықтан жүрек дұрыс жұмыс жасамайды. Ота барысында науқастардың қолқа қан тамырын шунттаймыз. Жалпы жүректің ишемиялық ауруы дегеніміз-жүректе қанайналымы толық тоқтағандықтан немесе қажетті шамадан кем болғандықтан дамитын сырқат. Сол себепті ишемиялық ауруы жүректін коронарлық артерияларының ауруы деп те аталады,-дейді отаға дейін біздің басылымға берген сұхбатында Маңғыстау облыстық кардиохирургиялық орталығының басшысы Жеңіс Қозыбаев.
Отадан кейін Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық қызметкері Салтанат Жетібаева облыс кардиологтарына арнап дәріс оқып, тәжірибиесімен бөлісті.
Венера МИРЛАН