Ауғанстаннан БҰҰ қызметкерлері мінген екінші рейс Алматыға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеше БҰҰ қызметкерлері мінген екінші рейс келді. Бортта 108 адам бар. Барлық орналастыру мәліметі бұған дейін баспасөз брифингінде айтылған ақпаратпен бірдей. Олардың Қазақстанға келуіне кеткен барлық шығын БҰҰ есебінен төленеді», - деді БҰҰ баспасөз қызметінен.
Қазір барлық жолаушы карантинде, олар ПТР тест тапсырды. Қазір тест нәтижесін күтіп отыр. Айта кету керек, барлық қызметкерлер вакцинацияланған.
Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету миссиясы неге Алматыда орналасқанын түсіндірген болатын.
Айта кетейік, 18 тамызда UNAMA қызметкерлері бар алғашқы борт Алматы әуежайына қонғаны хабарланған болатын. Келген қызметкерлер халықаралық дипломат, БҰҰ паспорты мен иммунитеті иегері. Қызметкерлердің тұруы, кеңсе мен үй-жайды жалға алуы және т.б. барлық шығын толығымен БҰҰ-ның бюджетінен қаржыландырылады.