Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек ардагері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, саяси ғылымдырының кандидаты, көптің құрметіне бөленген ел ағасы Басшы Айжанақұлы Әзірхановтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтады.
«Маңғыстау халқы тағы бір ардақты азаматынан айырылды. Әлемді шарпыған індеттің тырнағына Маңғыстаудың тағы бір қадірлісі ілініп кетті. Саналы ғұмырын туған елінің өсіп-өркендеуі жолына арнаған тау тұлға, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Маңғыстау облысы мен Бейнеу ауданының құрметті азаматы Басшы Айжанақұлы 67 жасқа қараған шағында дүние салды.
Басшы Айжанақұлы Маңғыстау топырағында дүниеге келіп, өмірінің соңына дейін Бейнеу ауданының дамуына өлшеусіз үлес қосқан арда азамат еді. Ауданның қалыптасыу мен дамуы жолында аянбай тер төкті.
Еңбек жолын Бейнеу ауданындағы «Маңғыстау» кеңшарында қарапайым жұмысшыдан бастап, ауданның бірінші басшысына дейін көтерілді. Аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, Бейнеу теміржол торабы партия комитетінің хатшысы, Бейнеу аудандық халық депутаттары кеңесінің төрағасы, Бейнеу ауданының әкімі қызметін үлкен абыроймен атқарды. Өзінің 45 жыл қызметбаянында көптеген игі істердің ұйытқысы болды. Оның жемісті еңбек жолын – өскелең ұрпақ үшін Отан мен халыққа қызмет етудің озық үлгісі деп білеміз. Басшы аға құрметті демалыста бола тұра, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, өз үлесін қоса білген жан еді. Жауапты мемлекеттік қызметті атқара жүріп жазған «Орта тапты қалыптастырған он жыл», «Дінім менің - Ислам» атты еңбектері – біздің бүгініміз бен келешегіміз үшін құнды мұра.
Еліміздің қалыптасуы мен дамуына аянбай еңбек еткен ұлағатты ағамыз, нар тұлға азамат – Басшы Айжанақұлының бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады. Марқұмның отбасы, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Ағамыздың жатқан жері жәннат, иманы саламат болсын», - деді С. Трұмов.