Өңірдегі «Боржақты» жеріндегі бүтіндей 20 шаруа қожалығы кенеден зардап шегіп отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мал баққан азаматтар кенені өз беттерінше залалсыздандырып жатыр.
Қазір мынау жығылғанға жұдырық дегендей кене де қаптап кетті. Екі-үш күн сайын кенені улаймыз. Бәрібір құтылмадық. Кене құрғақшылықтан пайда болады. Оның үстіне мал да арық, бойына инфекция алғыш болады. Кене де сол арық малға жабысады, - дейді шаруа Бердіхан Әленов.
Боржақты жеріндегі шаруалар мал дәрігерлерінің көмегі керек екенін айтады. Олар кене қаптаған малды аман алып қалу үшін 80 мың теңгеге дәрі сатып алып отырғанын жеткізді.
Алайда ветеринария басқармасының эпизоотиялық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Әділет Қазтұрған дезинфекция кенеден құтылуға көмектеспейді дейді. Өйткені бұл паразиттер қида бірнеше ай немесе жылдар бойы сақталуы мүмкін. Сондықтан, залалсыздандырумен қатар механикалық тазалау да жүргізу керек дейді мамандар.
Малдың қорасын механикалық тазаламаудан, дезинфекцияламаудан және де әртүрлі этно-энзо паразиттерге қарсы препараттардың егілмеуінен мал кенелеп кетеді. Ал ветеринарлар аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстарын жүргізеді. Кенелерге қарсы немесе басқа да паразиттерге қарсы егу жүргізілмейді. Себебі ауыл шаруашылық министрлігінің бұйрығына сәйкес тізімде көрсетілмеген, - деді Маңғыстау облыстық ветеринария басқармасының эпизоотиялық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Әділет Қазтұрған.
Махаббат Нұржанқызы